Аралас жекпе-жекте жолы бола қоймаған Қуат Хамитов кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегінде жеңіске жетті. Жекпе-жек 6-раундқа созылды.
Жеңіске жеткен Қуат Хамитовке WBC берген арнайы чемпиондық белбеу табысталды.
Осылайша аралас жекпе-жек шебері Қуат «Найман» Хамитов алғаш рет кәсіпқой бокста бағын сынап, дебюттік жекпе-жегін жеңіспен бастады. Алматыда өткен Allstar Boxing кешінде Хамитов тағы бір отандық файтер Нұрберген Шәріппен шаршы алаңға шыққан болатын.
Алты раундқа жоспарланған жекпе-жек нокаутсыз, аяғына дейін жалғасты. Төрешілер шешімімен «Найман» жеңіске жетіп отыр. Оған WBC ерген арнайы чемпиондық белбеу табысталды.
Еске салайық, Қуат Хамитов аралас жекпе-жектегі соңғы кездесуін биыл мамыр айында Ресейде өткізген болатын. Ол танымал файтер Александр Шлеменкомен төбелесіп, төрешілер шешімімен жеңілді. Жалпы, қазақ файтерінің еншісінде 26 жеңіс, 8 жеңіліс және бір тең ойын бар.