×

Shanghai Masters: Жұқаев пен Шевченко алғашқы кездесулерін өткізді

Алдағы үш апта бойы теннис жанкүйерлерінің назары Шанхай мен Алматыда, себебі теннистен ерлер арасындағы халықаралық жарыстар Азия континентінде өтіп жатыр. Шанхайда 2-13 қазан аралығында ATP1000 санаты бойынша Rolex Shanghai Masters, ал Алматыда 14-20 қазан аралығында ATP250 Almaty Open турнирлері өтеді.

Бүгін, 12:39
Shanghai Masters: Жұқаев пен Шевченко алғашқы кездесулерін өткізді
Zhe Ji

Шанхай, Қытай

Кімдер қатысып жатыр?

Әлемнің ең мықты теннисшілері, атап айтқанда Париж Олимпиадасының чемпионы Новак Джокович (Сербия), AO-2024 және US Open-2024 чемпионы Янник Синнер (Италия), сондай-ақ Roland Garros-2024 және Wimbledon-2024 чемпионы Карлос Алькарас бастаған 96 спортшы жылдың сегізінші Мастерс жүлдесіне таласуда.

Аталмыш спорт іс-шарасында Қазақстан намысын Александр Бублик, Александр Шевченко және Бейбіт Жұқаев қорғап жатыр. Бүгін квалификация кезеңі арқылы негізгі кестеге жолдама алған Жұқаев бірінші раундта тәжірибелі Ресей спортшысы Роман Сафиуллинмен кездесті. Алғашқы сетті тай-брейкке дейін жеткізген жерлесіміз қарсыласынан екі сетте ұтылды. Қорытынды есеп  7:6 (7:0), 6:4. Енді әлемнің 69-шы ракеткасы Сафиуллин екінші айналымда отандасымыз Бубликпен ойнайды.

Сонымен қатар, тағы бір спортшымыз Александр Шевченко Индия теннисшісі Рамкумар Раманатанды 6:1, 7:6 (7:3) есебімен ұтып, жарыстың екінші кезеңіне жолдама алды. Қазақстандық спортшының келесі қарсыласы – әлемнің 31-ші ракеткасы Франсиско Черундоло.

Теннис болашағы Азияда…

Соңғы жылдары Азия елдері тенниске үлкен инвестиция салып жатыр. Оған Қытай, Жапония, Корея және Қазақстандағы жыл сайынғы турнирлердің артуы дәлел. Көш басында, әрине, Қытай. Әйелдер және ерлер арасында 500 және 250 санатындағы жарыстарды есептемегенде аспан асты елі Мастерс (1000) турнирлері өте жоғары деңгейде ұйымдастыруда. Барлығының мақсаты бір – турнирлер өткізіп, танымал жұлдыздарды шақыру арқылы өз спортшыларын өсіріп, чемпион даярлап шығару.

Шанхайда  теннистен халықаралық жарыс 2009 жылдан бері  өткізіліп келеді. Сол уақыттан бастап жергілікті жанкүйерлер жылдар өте осы спортқа қызығып, қазіргі таңда олардың балалары теннис ойнап жатыр,- деді Қытай теннис федерациясының аға жаттықтырушысы Лу Уейпинг.

Расында Лу айтқан пікірдің жаны бар. Себебі бірінші нөмірлі Қытай теннисшісі Жанг Жижен дәл осы Шанхайда туып өскен. Тамыз айында өткен Олимпиадада аралас жұптық сында күміс жүлдеге қол жеткізді, жергілікті жас теннисшілердің кумирі. Әйелдер арасында Париж Олимпиадасының алтын медаль иегері Чжэн Циньвэнь де елдегі теннис қозғалысының мысалы бола алады. Тізімге соңғы жылдары жоғарғы деңгейде өнер көрсетіп жүрген У Ибин, Бу Юньчаокэтэ, Шан Цзюньчэн және т.б. жас теннисшілер кіреді.

Анықтама

Турнир атауы: Rolex Shanghai Masters

Құрылған жылы:  2009

Төсеніш: хард

Ерлер арасында жекелей сында соңғы чемпион: Хуберт Хуркач (2023)

Ерлер арасында жұптық сында соңғы чемпиондар: Марсел Гранолерс/Хорачио Зебаллос (2023)

Жүлде қоры: 8 995 555 АҚШ доллары (2024 жыл)

Өтетін орны: Qizhong Forest Sports Arena, Шанхай, Қытай

Турнир рекорды: Жекелей сында турнирді ең көп Новак Джокович жеңген (2012, 2013, 2015, 2018). Жұптық сында Марсело Мело (2013, 2015, 2018). 

 

Новости партнеров