Батырхан Төлеуғали – Парижге аттанатын қазақстандық делегация сапындағы ең жас спортшы. Таеквондодан ұлттық құрамаға енгеніне сегіз ай да толмаған атлет төртжылдық додасында ел намысын абыроймен қорғауға бекініп отыр. Қазақстан таеквондо федерациясының Бас хатшысы Олжас Бесбаев ең жас спортшы туралы әңгімелеп берді, деп хабарлайды Ulyssport.kz.
Olympic.kz сайтына берген сұхбатында Олжас Бесбаев Батырхан Төлеуғалидің құрама сапындағы ең жас спортшы екенін, оның 25 шілде күні 18 жасқа толатынын айтты.
“Батырханның әлеуеті барын жастар командасында жүрген кезінде-ақ байқадық. Көзінде от, кеудесінде рухы бар жігіт. Жазғы Азия ойындарына апарсақ деген ойымыз болған. Бірақ жастар құрамасымен жаттығу жиынында жүргендіктен, сәті түспей қалды. Одан бөлек, 80 келідегі спортшыларға да мүмкіндік беруді жөн көрдік. Бұған дейін қазақстандық таеквондошылар аталған салмақта Олимпиада түгілі, іріктеу турнирлеріне де қатыспапты. Таңдау жасар кезде бапкердің ішкі сезімі де әсер етті. Қанша дегенмен, қай баланың алысқа баратынын бапкер сезеді ғой. Нұрсұлтан Мамаев пен Ким Кванг Су жас таеквондошыда үміт барын байқады”, – дейді бас хатшы.
Олжас Бесбаев спортшының өте батыл, жүректі жігіт, рухы өте биік екенін, ешкімнен қорықпайтынын айтады.
“Батырхан туралы әлемдік қарсыластары көп ақпарат білмейді. Ірі ресми жарыстарға қатысып үлгермеді. Жас болғандықтан, Мамаев бастаған бапкерлер оның өзіндік стилін қалыптастырып жатыр. Қазір бұл іс те аяқталуға жақын, Будапештте (Венгрия) соңғы жаттығу жиыны өтеді. Содан соң - Париж. Батырханның әлеуметтік желідегі парақшасына үңілсеңіз: «Тарихты өзгерту керек...», - деп жазылып тұр. Бұл жігіт соңғы бір жылда тек осы оймен өмір сүріп жатыр”, – деді Бесбаев.
Ол Францияда өткен турнирдің финалында Батырхан Төлеуғали екі дүркін әлем чемпионы, италиялық Алессио Симонемен терезесі тең өнер көрсеткенін айтып, оны шетелдік спортшылардың арнайы іздеп келгенін жеткізді.
“Италиялық спортшы біздің Батырханды арнайы іздеп келген екен. Себебі, ол туралы мәлімет аз, жекпе-жектерінің видеосы жоқ. Бұл кездесуде спортшымыз баррын салған жоқ. Тактикалық әдістерді де көрсетпедік. Бапкерлер барлық құпияны ашуға рұқсат берген жоқ. Жоғарыда айтқандай, жабу астында ұстап жүрміз. Франциядағы жарыс біздің спортшыға айтарлықтай сенім сыйлады. Әлем чемпиондарын да жеңуге болатынын түсінді”, – деді бас хатшы.