×

Астана 2026 жылы өтетін «Болашақтың ойындарына» дайындықты бастап кетті

Қазақстан киберспорт федерациясы 2026 жылы Астанада өтетін «Болашақтың ойындарына» дайындықты бастап кетті, деп хабарлайды Ulyssport.kz.

Бүгін, 11:03
Астана 2026 жылы өтетін «Болашақтың ойындарына» дайындықты бастап кетті
Фото: Спорт және дене шынықтыру комитеті

Қазақстан 2026 жылғы дәстүрлі спорт түрлері мен киберспортты біріктіретін бірегей турнир – Phygital Games of the Future өткізу мүмкіндігіне ие болды.

Бұл турнирді өткізу құқығына Қазақстаннан бөлек, Перу мен Чили мемлекеттері үміткер болған еді. Қатысушылар жарыста физикалық және цифрлық форматтарды біріктіретін бағдарламаларда сынға түседі.

«Болашақтың ойындарын» Қазақстанда өткізу бастамасын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылы Қазан қаласында өткен алғашқы ойындардың ашылу салтанатында ұсынған еді.

Келесі жылғы турнир БАӘ-де, ал 2026 жылы Астанада өтетін болып бекітілді.

Қазақстанда киберспорт қарқынды дамып келеді. 2018 жылдан бері Қазақстан аумағында 140-тан астам киберспорт турнирі ұйымдастырылды. Оған 40 мыңнан аса адам қатысты. Біз "Болашақтың ойындарын" сәтті өткізу үшін бар күшімізді саламыз, – деді Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының міндетін атқарушы Роллан Серіков.

Бұған дейін Phygital International өкілдері турнирді Қазақстанда өткізу мүмкіндігін бағалау үшін Астанаға келген еді. 

Еске салсақ, Тоқаев Ресейге барған сапарында «Болашақтың ойындары» халықаралық турнирінің ашылу рәсіміне қатысып, келесі ойынды Қазақстанда өткізуді ұсынған болатын. Алайда кейін Туризм және спорт министрлігі V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізу шығындарын оңтайландыру, «Болашақ ойындары» халықаралық мультиспорт турнирін ұйымдастыру және өткізу бойынша дайындық жұмыстарын 2025 жылдан 2026 жылға ауыстыру туралы шешім қабылданғанын мәлімдеді.

Новости партнеров