×

«Французша сөйлеп тұрсың ба»: Спорт министрлігі Черчесов үшін ҚФФ-тан түсініктеме талап етті

ҚР Туризм және спорт министрлігі Қазақстан футбол федерациясынан түсініктеме беруді талап етті,  деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Бүгін, 17:43
«Французша сөйлеп тұрсың ба»: Спорт министрлігі Черчесов үшін ҚФФ-тан түсініктеме талап етті
Ulysmedia коллажы

ҚАЛЖЫҢНЫҢ АЛДЫН АЛСЫН

– Кешелі бері әлеуметтік желілерде футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станислав Черчесовтің қазақ тілін кемсітуге тырысқаны туралы бейнематериал кеңінен таралып, қоғам тарапынан наразылық туғызды. Министрлік бұл жағдайға бей-жай қарамай, Қазақстан футбол федерациясына ресми хат жолдады. Хатта мемлекеттік тілдің мәртебесі Қазақстан Республикасының Конституциясы мен «Тіл туралы» Заңына сәйкес жоғары тұратыны және оған барлық азаматтың құрмет көрсетуі керектігі айтылған. Сонымен қатар федерациядан осы оқиғаға түсініктеме беру және С.Черчесовпен мемлекеттік тілге құрмет көрсету туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу талап етілді, – делінген хабарламада.

Министрлік мұндай жағдайлардың қайталанбауын қамтамасыз ету үшін федерация тарапынан тиісті шаралар қолданылуы керек деп санайды. 

– Сондай-ақ Қазақстан футбол федерациясы министрлікке бағынысты ұйым емес екенін, тиісінше оның ішкі мәселелеріне араласа алмайтынын, дегенмен Қазақстандағы спорт саясатын қалыптастырып, жүргізетін ведомство болғандықтан, түсініктеме талап етуге құқылы екенін қаперге саламыз. Осы жазба арқылы еліміздегі өзге федерацияларды да мемлекеттік рәміздерге, ұлттық құндылықтарға құрметпен қарауға және оларға қатысты орынсыз қалжыңның алдын алуға шақырамыз, – делінген хабарламада.

ОҚИҒА ЖАЙЛЫ

Бұған дейін Қазақстан футбол командасының бас бапкері Станислав Черчесов қазақ тілінде сұрақ қойған журналиске “сен француз тілінде сөйлеп отырсың ба?” деген. Осы сөзі қоғамда қызу талқыға түсіп, оны сынағандар көбейді. 

Медиасарапшы Молдияр Ергебеков Станислав Черчесов осы сөзі арқылы ұлтаралық араздықты қоздырып отырғанын айтады.

“Қазақ тілінде сұрақ қойған журналистке нәсілшіл тілмен жауап берді. Бір мемлекетке келіп, сол мемлекеттің мемлекет тіліне құрмет көрсетпеу – ұлтаралық араздықты қоздыру, ал сол тілді түсінбегенсіп мазақтау – нәсілшілдік. Сұрақ: Станислав Черчесов Қазақстан Республикасы заңы бойынша жауапқа тартыла ма?” деп жазды сарапшы фейсбуктегі парақшасында.

ҚФФ НЕ ДЕП АҚТАЛДЫ

Қазақстан бұл оқиғаны былай түсіндіреді.

– Әлеуметтік желілерде жарияланған футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станислав Черчесовтің қазақ тіліне құрмет көрсетпеуіне қатысты видеоға байланысты Қазақстан футбол федерациясы жағдайды түсіндірі өту қажет деп санайды. Жазбада видеоның үзіндісі көрсетілген. Негізі бұл сұрақты Францияның ПСЖ клубының формасын киіп жүрген қазақстандық журналист Бегасыл Сейітқанов баспасөз мәслихатында қойғаннан кейін бас бапкер әзілдеп жауап қайтарған болатын. Станислав Черчесов қазақ тілі мен еліміздің мәдениетіне үлкен құрметпен қарайды, сонымен қатар қазақ тілін белсенді түрде оқып жатқанын мәлімдейміз, – делінген мәлімдемеде.

Новости партнеров