Париж Олимпиадасының басталуына санаулы күндер ғана қалды. Осы орайда елімізден жарыс жолын 25 шілде күні ең бірінші болып садақ атудан Ильфат Абдуллин, Дәулеткелді Жаңбырбай, Александр Еременко бастайды.
Париж Олимпиадасында 12 ғана команда сынға түсетіндіктен, жеребе сәтті болса, жігіттеріміз жүлделі орынға таласып қалуы да әбден мүмкін. Осы орайда ұлттық құраманың көшбасшысы Ильфат Абдуллин алдағы Париж Олимпиадасы жайлы өз ойымен бөлісті.
Садақ ату сайысы ең бірінші болып басталады. Ресми ашылудан бұрын жарысты бастаған біртүрлі ме?
— Иә, Париж Олимпиадасының ашылуы 26 шілде күнге жоспарланған. Ал біз 25 шілде күні іріктеу кезеңін бастаймыз. Бірақ іріктеу кезеңінің ерекшелігі — негізі бәсекенің жеребесі түзіледі. Нағыз жүлдеге талас 28 шілдеде командалық сайыстағы плей-оффта басталады. Сондықтан қатты қысым сезілмейді. Естеріңізде болса, Токио Олимпиадасында да іріктеу кезеңі ашылу салтанатының күнімен тұспа-тұс келген.
Олимпиадада ерлер сайысындағы кезеңдер түрлі күндерге бөлінген. Бұл сіздерге қаншалықты әсер етеді?
— Иә, Олимпиададан бөлек, өзге жарыстарда сайыстар 1-2 күнде бітіп қоюшы еді. Ал Париж Олимпиадасында жеке сайыс 30 шілде күні басталып, тек 5 тамызда аяқталады. Спортшы әр күнде түрлі форма, кондицияда болатындықтан, бірде жақсы, бірде сәтсіз атуы әбден мүмкін. Бірақ кәсіби спортшы кез келген жағдайда атуға дайын болуы керек деп санаймын.
Садақ атудан Олимпиадада көп жағдайда күтпеген жеңімпаздар шығып жатады. Сондықтан алдын-ала фавориттерді айту қиын шығар?
— Командалық сайыста Оңтүстік Кореяны ғана айта аламын. Қалған 11 ел бір-бірімен соңына дейін өзара таласады. Жеке сайыста 64 спортшының арасынан кімнің чемпион болатынын айту өте қиын. Іріктеу кезеңінде 1-орын алған спортшының өзі соңғы орындағы адамнан жеңіліп қалатын жайттар өте көп кездеседі. Жеке сайыста барлығы мүмкін.
Бұл сіздің екінші Олимпиадаңыз. Токиомен салыстырғанда қандай да бір ерекшелік сезіле ме?
— Жапонияда ылғалдылық өте жоғары. Спортшыларға өте қолайсыз болып еді. Салыстырмалы түрде Францияның ауа-райы елімізбен ұқсас. Екіншіден, Токио Олимпиадасында карантиндік шектеулер болып, тек қана жарыс алаңдарына барумен шектелдік. Осы жолы трибунадан жанкүйерлердің қарасы көп болып, нағыз Олимпиаданың атмосферасын сезінеміз деген ойдамын. Үшіншіден, жарыс алаңының іріктеу кезеңі әдеттегідей жасыл алаңда емес, финалдық кезеңдегідей биіктігі 1 метрді құрайтын арнайы тақтаның үстінде атамыз.
Сіз бұған дейін Париж төрінде өткен жарыстарға қатысып па едіңіз?
— Иә, Франция астанасында 2021, 2022, 2023 жылдары Әлем кубоктарының кезеңі ұйымдастырылған. Жеке сайыстан 2021 және 2023 жылдары 9-орынға тұрақтаған едім. Енді жазғы Олимпиада ойындарында тек қана жоғары орындардан үміттіміз.
Естеріңізге сала кетейік, садақ атудан командалық сайыстың жеңімпазы 28 шілде, ал жеке сайыстың жеңімпазы 5 тамызда анықталады.
САДАҚ АТУДА КІМ ФАВОРИТ?
1972 жылғы Мюнхен Олимпиадасынан басталған садақ ату спортында жеке сайыстан 26 алтын жүлденің 20-сын бірінші рет Олимпиадаға қатысқан спортшылар жеңген. Бұл факт айқын фавориттердің әрдайым жолдары бола бермейтіндігін айқындайды.
Оның үстіне ерлер бәсекесінде тек АҚШ спортшысы Даррел Пейске ғана 1976 және 1984 жылы Олимпиаданың 2 дүркін чемпиондық атағы бұйырған.
Дәл қазіргі сәтте букмекерлер кеңсесі әлемдік көшбасшы Оңтүстік Кореяның спортшыларына басымдық беріп тұр. 2021 жылы АҚШ-та өткен әлем чемпионатында Ким Ву Жин топ жарса, 2023 жылы Берлин төрінде Токио Олимпиадасының жеңімпазы Мете Газоз қарсылас шақ келтірмеді. Ал 3 жыл бұрын еліміздің ең жас спортшысы болған Ильфат Абдуллин атақты қарсыластардан басым түсіп, 1/8 финалға жеткен еді.
Командалық сайыстан Оңтүстік Кореяның шоқтығы биік. Бұл ел 1988 жылдан бергі 9 Олимпиаданың алтауында жеңістің ең биік сатысынан көрінді. Ал Токио Олимпиадасында жүлделі үштік Оңтүстік Корея, Қытай Тайбейі, Жапонияға бұйырды. Сондықтан Азия құрлығы командалық сайыстан мықтылардың қатарына кіреді. Естеріңізде болса, 2023 жылы Бангкокте өткен лицензиялық Азия чемпионатында ерлер құрамасы Токио Олимпиадасының жүлдегерлері Қытай Тайбейі мен Жапонияны жарыстан шығарып, финалда Оңтүстік Кореяға есе жіберген болатын.