×

Олимпиададан кейінгі өзгерістер: спортқа бюджеттен енді қаражат қалай бөлінеді

Парламент қарауында жатқан Спорт туралы заң жобасына сәйкес, алдағы уақытта осы саланы мембюджеттен қаржыландыру тетігін үшке – «негізгі», «медальдық» және ұлттық спорт түрлері санатына бөлу жоспарланған. Ал кәсіпқой командалық спорт клубтарына арналған қаржыландыру лимиттерін бекіту және спорттың басым түрлерін айқындау құзыреті спорт саласындағы уәкілетті органға беріледі. Бұл ретте спорт саласында тікелей біріктірілген басқару жүйесін енгізу көзделген, деп хабарлайды Ulyssport.kz.

26.10.2024, 10:51
Олимпиададан кейінгі өзгерістер: спортқа бюджеттен енді қаражат қалай бөлінеді
Ulysmedia коллажы

МИНИСТРЛІК НЕ ДЕЙДІ

Депутаттарға берген жауабында Туризм және спорт министрлігі бұл шаралар уәкілетті органға облыстық дене шынықтыру және спорт басқармаларының басшыларын, спорттық ұйымдардың басшыларын, облыстық аға жаттықтырушыларды тағайындауға және қызметтен босатуға құзырет беретінін хабарлайды. Сонымен қатар басым спорт түрлерінің өңірлік тізімін бекітуге, өңірлік спортты қаржыландыруды бір жүйеге келтіруге мүмкіндік туғызады деп сендіреді.

– Бүгінде балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінде 134 спорт түрі дамытылуда, оның 70-і жоғары спорт жетістіктеріне (Олимпиада, Паралимпиада және Азия ойындарының спорт түрлері), 11-і ұлттық спорт түрлеріне жатады. Ал қалған 53-і жоғарыда аталған спорт түрлері бағдарламасына кірмейді. Бұл бюджет қаражатының басымдық берілмейтін спорт түрлеріне жұмсалуына, тиісінше, шашыраңқылыққа әкеледі, – делінген жауапта.

Басқару жүйесін өзгерту мақсатында балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінде жан басына шаққандағы қаржыландыру әдістемесі әзірленуде.

Е-СПОРТ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМИ ИНСТИТУТ

Сонымен қатар, спортқа бөлінген қаражатты тиімді игеру үшін «Е-спорт» электронды жүйесін енгізу жұмыстары жүргізілуде. Министрлік сондай-ақ, депутаттардың ғылыми институт құру туралы ұсыныстары да орынды деп санайды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Астана қаласында ұлттық университеттің құрылысы жүргізілуде. Университет құрылысы 2025 жылдың соңына дейін аяқталып, оның базасында жаттықтырушыларды, нұсқаушыларды және спорт дәрігерлерін дайындайтын тәуелсіз ғылыми институт құру жоспарланып отыр.

Новости партнеров