Қазақстандық Жәмила Бақбергенова 29 қазанда Тиранада (Албания) өтіп жатқан әйелдер күресінен олимпиадалық емес салмақ дәрежелеріндегі әлем чемпионатының финалына шықты, деп хабарлайды Ulyssport.kz.
Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің мәліметінше, 72 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жартылай финалда спортшы Моңғолиядан келген Болортунгалаг Зоригтпен кездесті.
"Бақбергенова 8:6 есебімен жеңіске жетіп, әлем чемпионатының финалисі атанды", – делінген хабарламада.
Осылайша, ол өзіне әлем чемпионатының медалін қамтамасыз етті. Бұған дейін ол үш рет әлем чемпионатында жүлдеге ие болған (екі күміс және бір қола).