Қазақстандық спортшы Астанада жауынгерлік самбодан өткен әлем чемпионатында алтыннан алқа тақты, деп хабарлайды Ulyssport.kz.
Қазақстанда самбо спортынан екінші рет ұйымдастырылған әлем чемпионатында Нұрила Асанқызы әлем чемпионы атанды. Отандасымыз ересектер арасындағы әлем чемпионатының бағдарламасына алғаш рет енгізілген жауынгерлік самбодан әйелдер арасында топ жарды. Аса ауыр салмақта сынға түскен отандасымыз финалда Түркіменстан спортшысы Сабина Агажановамен белдесіп, 7:4 есебімен басым түсті.
Айта кетейік, әлем біріншілігіне 80 елден 470 спортшы қатысты. Қазақстан құрамасы 3 алтын, 5 күміс, 9 қола медаль еншілеп, жалпы есепте 2-орынға жайғасып, 10 жыл бұрынғы жетістігін қайталады.