Парижде өтетін жазғы Олимпиада ойындарына Өзбекстан атынан 90 спортшы спорттың 19 түрінен қатысатын болды, деп хабарлайды ulyssport.kz.
Жалпы Олимпиадаға жолдама алған өзбекстандық спортшылардың 64%-ы ерлер, ал қалған 36%-ы – әйелдер.
Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің қатысуымен өткен кеңесте Спортшыларды даярлау үшін жеке стратегия әзірленіп, олардың іріктеу мен оқу-жаттығу іс-шараларына қатысуына толық жағдай жасалғаны айтылды. Спортшылар республикадағы 15 олимпиадалық және паралимпиадалық орталықтар мен спорт базаларында дайындықтан өткен.
Париж Олимпиадасына бокстан Қазақстан сияқты Өзбекстан да толық құраммен барды. Ерлер құрамасының бас бапкері Толқын Киличев Парижге баратын биылғы құрам бұған дейінгі құрамдарға қарағанда ең мықтысы деп отыр.
«Бұған дейінгі бапкерлердің, мамандардың еңбегін ерекше бағалаймын, құрметтеймін. Бұл сөздерді ұстазымыз Марат Галиевич Курбановтың (бокстан Өзбекстан құрамасының бұрынғы бас бапкері - редакция) сөздеріне сүйене отырып қана айтып жатырмын. Кеше кездесуде ол кісі маған былай деді: «Толқын, мұндай мықты құрам тарихта болмаған, тіпті мен бас бапкер болған кезде де дәл биылғыдай мықты құрама болған жоқ». Боксшыларымыздың әрқайсысына жеке тоқталуға болады. Қатарымызда қазіргі бес әлем чемпионы, Олимпиада ойындарының чемпиондары бар. Нәтижелерге қарап-ақ құрамның қандай мықты екенін аңғаруға болады», - деді өзбекстандық бапкер.
Айта кетейік, биылғы төртжылдықтың бас додасында Қазақстан толық құрамда қатысады.
Қазақстан намысын мына боксшылар қорғайды:
51 келі: Сәкен Бибосынов
57 келі: Махмұд Сабырхан
63,5 келі: Мұхамедсабыр Базарбайұлы
71 келі: Асланбек Шымбергенов
81 келі: Нұрбек Оралбай
92 келі: Айбек Оралбай
+92 келі: Қамшыбек Қоңқабаев