Оралдың «Ақжайық» футбол клубының 33 ойыншысы мен тағы 70 адам жыл басынан бері жалақысын алмаған. Бұл туралы журналист Гүлмира Әбіқай өзінің Instagram-парақшасында жазды, деп хабарлайды Ulyssport.kz.
Күнкөріс қиындағандықтан клубтың кейбір ойыншысы таксист болып нәпақа табуға мәжбүр болып жүрген көрінеді. Тіпті несиесін жабу үшін жүк тасымалымен де айналысады екен.
Оралда спорт басындағылар бір-бірімен тіресіп отыр. Зардабын футболшылар көруде. Бір өңірдегі бетке ұстар команданың тоз-тозы шықты. Клуб 4 жылдан бері жекеге өткен. Үкіметтен бөлінген қаржы кері кетті. Мемлекеттік сатып алу бойынша футбол тарихында болмаған талаптар қойып, лот ойналмады. Мәселен, Түркістан облысы аттай 9 футбол клубының басын қосып, жарысқа қосса БҚО бір команданың өзін ептей алмай отыр. Кім кінәлі? Қасақана аяқтан шалудың артында кім тұр? Өңірде теңбіл допқа қызыққан 600 баладан 100-і қалды. Соңғы кезде байқасақ, жақсы жұмыс істеп жатқан кәсіпкер байқатпай бизнестен сырылуда, - деп жазды журналист.