Президент туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновты қабылдады, деп хабарлайды Ulyssport.kz.
Ақорданың мәліметінше, Ербол Мырзабосынов отандық спорт саласын кешенді реформалау жөнінде бұған дейін берілген президент тапсырмаларының орындалу барысын баяндап, балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту, төрешілер мен мамандар біліктілігін арттыру, легионер санын азайту, федерациялар жұмысын оңтайландыру бағытында атқарылған жұмыстар туралы есеп берген.
“Салаға вертикалды басқару жүйесін енгізу шаралары басталған. Осы мақсатта министрлік жанынан арнайы құрылған топ мүшелері өңірлердегі спорт саласының жағдайына жан-жақты талдау жүргізген. Халықаралық федерациялармен ынтымақтастық аясын кеңейту, спорт инфрақұрылымдарын жетілдіру үшін жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Еліміздің туристік әлеуетін арттыру шаралары туралы мәлімет берді. Шетелдік саяхатшыларға түрлі мүмкіндіктер ұсынатын Neo Nomad Visa жобасы іске қосылған” делінген хабарламада.
Министр Алматы тау кластерін, Маңғыстау және Бурабай курорты аймақтарында жағажай туризмін дамыту жөнінде кешенді жоспар әзірленіп жатқанын, ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитеті құрылып, лудоманияға қарсы күрес қолға алынғанын атап өткен.
Кездесу қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев министрге спорт және туризм салаларын одан әрі жетілдіру жөнінде бірқатар нақты міндет жүктеген. Атап айтқанда, алдағы уақытта өтетін халықаралық спорт додаларына дайындық деңгейін пысықтауды, сондай-ақ елімізде танымалдығы артып келе жатқан падел спортын ілгерілетуге назар аударуды тапсырды.