×

Шамамен 9 млн билет сатылған: Олимпиада туралы қызық деректер

Париж Олимпиадасын ұйымдастырушылар алдағы ойындар жайлы жаңа әрі қызық деректер топтамасын ұсынды, деп жазады Ulyssport.kz

24.07.2024, 10:13
Фото: olympic.kz

Olympic.kz Париждегі Олимпиада ойындарының ашылу салтанатына аз уақыт қалғанын, үш күннен соң төртжылдықтың басты додасы өз алауын жағатынын айтып, Олимпиада туралы қызық деректер топтамасын ұсынды. 

СНУП ДОГГ ТІЛШІ БОЛАДЫ

Әйгілі америкалық рэпер Снуп Догг олимпиада алауының эстафетасына қатысады. Ол 26 шілде күні алауды алып жүрмек. Сондай-ақ, ол Парижде америкалық NBC арнасының тілшісі болып жұмыс істемек. 

МАКРОН СЕНАНЫ ЖҮЗІП ӨТПЕДІ

Олимпиада ауылы ресми түрде ашылған соң, Франция президенті Эммануэль Макрон арнайы келді. Ол Олимпиаданың бүкіл ел үшін маңыздылығын алға тартып, ұйымдастырушылардың аянбай еңбек еткенін атап өтті. Сонымен қатар, еріктілер мен спортшыларға алғыс айтты. Әзірге, Макронның Сена өзенінде жүзуіне қатысты ақпар жоқ. Бұған дейін ол Париждегі бұл өзеннің қауіпсіз екенін дәлелдеу үшін, жүзіп шығатынын айтқан еді. Ал Париж мэрі Анна Идальго өз уәдесінде тұрып, он минут өзенде шомылды. Сена өзенінде триатлон, ашық суда жүзуден жарыстар өтеді. 

8,8 МЛН БИЛЕТ САТЫЛДЫ

Олимпиада ойындарына сатылған билет саны да рекордық көрсеткішке жетті. Бұл туралы Халықаралық Олимпиада комитеті хабарлады. Бүгінге дейін 8,8 миллион билет сатылып кеткен. Бұған дейінгі рекорд Атланта Олимпиадасына тиесілі болатын – 8,3 млн.

СПОРТШЫЛАР ШЕРУІ ӨЗЕНДЕ ӨТЕДІ

Спортшылар шеруі Сена өзенінде өтеді. Әрбір делегация өз қайығымен жүзіп өтеді. Бағыттың ұзақтығы алты шақырымды құрайды. 

ӘЛЕМГЕ ТАНЫМАЛ СПОРТШЫЛАР БАРАДЫ

Даңқты олимпиадашы, әлем рекордшысы Усейн Болт Олимпиададан сырт қалмайды. Ол өзі кімге ерекше назар аударатынын да айтты.

«Менің назарыма түскен бір жігіт бар. Ол – америкалық Эррион Найтон. Ол енді жиырмаға толды. Бірақ өте мықты. Бәрі таланттың дамуына байланысты», - деді спринтер. 

Сонымен қатар ашылу салтанатында олимпиада алауын жеңіл атлетикадан үш дүркін Олимпиада чемпионы Мари-Жозе Перек мен даңқты футболшы Зинедин Зидан жағуы мүмкін. 

Новости партнеров