БАҚ-та Ханчжоуда өткен Азия ойындарында бокстан Қазақстан құрамасының мүшесі Ертуған Зейнуллиновқа қола медаль беріледі деген ақпарат тараған. Бұл шешім 1/4 финалында біздің боксшыдан басым түскен Моңғолия спортшысы Чинзориг Баатарсухтың дисквалификациясына байланысты қабылданды деп айтылды. ҰОК осыған байланысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Ulyssport.kz.
Қазақстанның Ұлттық Олимпиадалық комитеті (ҰОК) бұл ақпараттың ресми емес екенін мәлімдеді.
Чинзориг Баатарсухтың дисквалификациясы туралы ақпарат International Testing Agency сайтында жарияланған. Моңғол боксшысы 2023 жылдың 4 қазанындағы допинг-сынамасында тыйым салынған заттардың анықталуына байланысты спорттан төрт жылға шеттетілген. Айта кетейік, Зейнуллинов пен Баатарсух арасындағы ширек финалдық жекпе-жек 1 қазанда өткен.
Сонымен қатар, Баатарсухтың бұл шешімге қатысты спорттық арбитраждық сотқа (CAS) 21 күннің ішінде шағымдануға құқығы бар.
Қазіргі уақытта Қазақстанның ҰОК Азия Олимпиадалық Кеңесіне (ОАК) 63,5 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі медальдарды қайта бөлу мәселесі бойынша сұрау жолдады. Бұл салмақта моңғолиялық спортшы алтын медаль иеленген еді. Бүгінде Азия Олимпиадалық кеңестің халықаралық нормалары мен регламенттерге сәйкес бокстан медальдарды қайта бөлу тәжірибесінің қолданылуына қатысты ресми хат күтілуде. Атап айтсақ, осы спорт түріндегі медаль жеңіп алған спортшылар тізіміне өзгеріс енгізу мүмкіндігі туралы және Ертуған Зейнуллиновқа Азия ойындарының қола жүлдесін беру ықтималдығы туралы өкілетті орган түсініктеме беруі тиіс.
Қазіргі уақытта медальдарды қайта бөлу туралы ресми шешім қабылданбағандықтан, бұл мәселеге қатысты кез келген ақпаратты расталмаған деп санауға болады.