Бокстан астаналық құраманың жаттықтырушысы, бұрынғы Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаевтың ағасы Ерік Маржықпаев Ақтауда өтіп жатқан жастар арасындағы Қазақстан чемпионатында жанжал шығарды, деп хабарлайды Ulyssport.kz.
ОҚИҒАНЫҢ МӘН-ЖАЙЫ
Әлеуметтік желіде оқиғаның видеосы пайда болды. Кадрларда Ерік Маржықпаевтың судьямен жанжалдасып, оның бетінен бірнеше рет ұрғанын көруге болады. Кейін басқа спортшылар ашуланған бапкерді тыныштандырып, әрірек алып кетуге тырысады.
СЕБЕБІ
Төбелеске Ерік Маржықпаевтың ұлы, Астана қаласының спортшысы Кенесарыәмір Маржықпаевтың жеңілуі себеп болғаны белгілі болды. Жекпе-жек 4:1 есебімен Ақмола облысынан келген Дамир Ибрагимовтың жеңісімен аяқталды.
Ғаламтордағы шудан кейін Туризм және спорт министрлігі Маржықпаевты сыйламаушылық танытқаны және спорттық этиканы бұзғаны үшін 2 жылға бокстан облыстық, республикалық және халықаралық жарыстарға қатысудан шеттеткенін хабарлады.
«Жекпе-жек соңында Ерік Маржықпаев төрешілердің шешіміне көңілі толмайтынын білдіріп, балағат сөздер айтып, төрешілер алқасына күш көрсетіп, ол жаға жыртысуға ұласты. Артынша бокс әулетінің өкілі Ерік Маржықпаев кешірім сұрады. Қазақстан бокс федерациясы жаттықтырушы Е.Маржықпаевты шеттету туралы шешім қабылдады», делінген ҚБФ хабарламасында.
Еске сала кетсек, Рио Олимпиадасының чемпионы, кәсіпқой боксшы Данияр Елеусінов Қазақстан спортының бұрынғы Олимпиадалар кезіндегі даңқын қайтару керек деп есептейді. Ulysmedia.kz порталына берген сұхбатында спортшы бұл бағытта өз көзқарасын айтқан. Бұған дейін редакция Қазақстандағы федерациялардың көпшілігін елдегі ең танымал бизнесмендер мен саясаткерлер басқаратынын айтқан болатын.