Алматыдағы Орталық стадионның басқарушысы "Астана" мен "Челси" арасындағы матч кезінде орын алған қар мәселесіне байланысты қызметінен шеттетілді, деп хабарлайды Ulyssport.kz.
Бұл туралы қаланың спорттық нысандар дирекциясы мәлім етті.
"Орталық стадионның батыс секторының алты қатарындағы орындықтар арасында (жалпы орын санының 2,7%-ы) қардың уақытылы тазаланбауы салдарынан жанкүйерлерге қолайсыздық туындағаны үшін кешірім сұраймыз. Мұндай жағдайлардың болашақта қайталанбауы үшін тексеру жүргізілетін болады. "Орталық стадион" нысанының басқарушысы Бауыржан Жұмажанов өз қызметінен шеттетілді", – деп мәлімдеді дирекция өкілдері.
Олар көрермендер үшін жайлылықтың маңыздылығын, әсіресе осындай маңызды матчтарда, түсінетінін атап өтті.
"Бұдан былай мұндай жағдайлардың қайталанбауы үшін барлық шараларды қолданамыз", – делінген хабарламада.
"Астана" мен "Челси" матчы Алматыдағы Орталық стадионда өтті. Ойын алдында әлеуметтік желілерде қар басқан трибуналардың видеосы тараған еді.
"Астана" конференция лигасының топтық кезеңінің 5-турындағы матчта ағылшындық "Челси" командасынан 1:3 есебімен жеңіліс тапты.