×

Дзюдоның жаңа олимпиадалық ережелері жарияланды

Түркияның Стамбул қаласында дзюдо ережелеріне өзгеріс енгізу бойынша техникалық семинар өтіп, онда Халықаралық дзюдо федерациясы олимпиадалық ережелердің жаңа нұсқасын жариялады, деп хабарлайды Ulyssport.kz Olympic.kz-ке сілтеме жасап.

 

Бүгін, 11:41
Дзюдоның жаңа олимпиадалық ережелері жарияланды
ҰОК

Халықаралық дзюдо федерациясы (IJF) жаңа олимпиадалық маусымға арналған ережелердің жаңартылған нұсқасын жариялады. Бұл өзгерістер спортшылардың әлеуетін ашып, дзюдоның негізгі құндылықтарын сақтай отырып, оның даму деңгейін жаңа биікке көтеруге арналған.

Техникалық семинардың қорытындысы бойынша "юко" ұпайы, белден төмен ұстау және "аюша" ұстау әдісі қайтарылды.

Дзюдоның жаңа ережелерінің қауіпсіздігі, "юко" ұпайының қайта енгізілуін Қазақстан дзюдо федерациясының төрешілік мәселелер жөніндегі директоры Мұқсым Нұртазин құптап отыр.

– Меніңше бұл өте орынды шешім. Өйткені техниканы орындау барысында спортшылар әр қырымен құлауы мүмкін: біреуі жанына қарай құлайды, біреуі арқасына, енді біреуі ішіне қарай құлайды. Осындай жайтта дұрыс есептеу үшін "юко" ұпайын қайта енгізу дұрыс деп санаймын, – дейді М.Нұртазин.

Айта кетейік, бұған дейін тек үш негізгі ұпай түрі қолданылып келген еді. Олар: иппон, вазари және шидо.

Дегенмен, ережелер қолданысқа енгенде спортшылардың жаңа қағидаларға бейімделуі біраз уақытты алары сөзсіз. Бұл туралы дзюдодан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Нұрбол Сүлейменов өз пікірін білдірді.

"Ережелер жақсы жаққа өзгерген. Барлық әдіс-тәсілдердің қайта енгізілуін дұрыс деп есептеймін. Дегенмен, юко ұпайы керек емес секілді. Вазари мен иппонның өзі жеткілікті болар деп ойлаймын. Әрине, бастыпқы уақытта жаңа қағидалар спортшыларға қиындық туғызары анық. Дегенмен бапкерлер штабы осы ережелерге сай жаттығу жиындарын өткізеді. Балуандардың бейімделуіне бар күш жігерімізді саламыз."- дейді бас бапкер.

Екі күндік семинар қорытындысы бойынша жоғарыда аталған ережелер 2025 жылдан бастап қолданысқа енеді. 

Новости партнеров