Белгілі спорт журналисі, футбол комментаторы Ермұхамед Мәулен футболдан Ұлттық құрама команданың бас бапкері Станислав Черчесовтің жуырда қызметінен кететінін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulyssport.kz.
Жуырда Қазақстан футбол федерациясының президенті болған Әділет Бәрменқұлов мерзімінен бұрын отставкаға кеткен соң оның орнына жаңа басшы сайланды. Осыдан кейін қоғамда Черчесовтың отставкасы туралы да сыбыс тараған.
«Станислав Черчесов жаңа президенттің шешімімен қызметтен кететін болыпты. Орнына 2 қазақстандық және 2 еуропалық маманның кандидатурасы ұсынылған. Қазір заңгерлер Черчесовтың келісімшартын қалай үзсек деп зерттеп жатыр», - деп жазды Мәулен Telegram-каналында.
Айта кетейік, 20 желтоқсанда Қазақстан футбол федерациясының кезектен тыс президент сайлауы өтіп, 36 жастағы Марат Омаров сайланған болатын.
Черчесовпен келісімшартқа 2024 жылдың маусымында екі жылға қол қойылған. Бейресми ақпараттар бойынша егер келісімшарт мерзімінен бұрын бұзылса, ресейлік бапкерге 1 млн еуро көлемінде өтемақы төленуі тиіс.