Бүгін Астанада Қазақстан Республикасының грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының 2024 жылдың қорытындысына арналған есеп беру конференциясы өтті, деп хабарлайды Ulyssport.kz порталы kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап.
Жиынға ҚР Туризм және спорт министрлігінің өкілдері, федерация басшылары, өңірлік курес федерацияларының өкілдері, бас және аға бапкерлер, күрес мамандары қатысқан.
Конференция барысында осы жылдың өзекті проблемалары талқыланып, әр өңір атқарылған жұмыс бойынша есеп берді. Бас хатшысы Димаш Сұлтанов баяндама жасап, федерацияның жұмысына сараптама жасады.
- Осы жылы еліміздің балуандары Олимпиада, Әлем мен Азия біріншіліктерінде тамаша өнер көрсетті. Барлық жас ерешеліктері бойынша аталмыш додаларда спортшыларымыз ел қоржынына 110 медаль әкелді. Демеу Жадыраев Париж төрінде күмісті олжалады, - деді Димаш Сұлтанов.
Сонымен қатар ҚР Туризм және спорт министрлігінің шешімімен грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясы 2024 жылдың ең үздік федерациясы болып танылғанын да еске салып өтті.
Осыдан бірер күн бұрын Астанада Туризм және спорт министрлігі жыл сайынғы «Үздік» премиясының жеңімпаздарын марапаттаған болатын. Онда грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясы «Жылдың үздік аккредиттелген спорт федерациясы» аталымында топ жарған болатын.
- Әрине, осы жылғы федерация жұмысын қанағаттандырарлық деп есептеймін. Әріптестеріме алғысымды айтамын. Балуандарымыз жақсы өнер көрсетті. Жылдың ең үздік федерациясы атандық. Бірақ, алда қыруар жұмыс бар екенін ұмытпауымыз керек. 2025 жылы біз бұдан да биік жетістіктерге қол жеткіземіз деп сенемін, - деді конференция соңында федерация президенті Дәулет Тұрлыханов.
Күрестен халықаралық турнирдің жеңімпаздары анықталғанын жазған болатынбыз.