×

Елена Рыбакина Париж Олимпиадасына қатысудан бас тартты

Теннистен әлемдік рейтингте 4-орында тұрған Елена Рыбакина Париж Олимпиадасына қатыспау туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Ulyssport.kz

25.07.2024, 21:06

Олимпиаданың ресми сайтында Қазақстан атынан қатысуға тиіс болған Елена Рыбакина жеке және аралас жұптық бәсекеден алынып тасталды. Енді оның орнын әлемдік рейтингте 77-орында тұрған Дарья Сэвилл (Аустралия) алмастырады. Айта кетейік, Елена аралас жұптық бәсекеде Александр Бубликпен сайысқа түсуге тиіс еді. 

Теннисшіміз бүгін 16:00-ге дейін ресми жаттығуға келуге міндетті болатын. Алайда Елена Рыбакина ол жерде бой көрсетпеді. 

Әзірше спортшы бұл жайында ешқандай ақпарат жарияламады. Соңғы рет ол Түркияның Бодрум қаласында демалып жатқан сәтін Instagram әлеуметтік желісіне салған. 

Елена Рыбакина бұған дейінгі Wimbledon үлкен дулыға бәсекесінде жартылай финалға дейін жетіп, Чехия өкілі Барбора Крейчиковаға 6:3, 3:6, 4:6 есебімен есе жіберген болатын.

Новости партнеров