Әлемнің төртінші ракеткасы Елена Рыбакина 2024 жылы Парижде өтетін Олимпиада ойындарына қатысудан бас тарту себебін түсіндірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Оның үндеуін Қазақстан теннис федерациясы сайтында жариялады.
Құрметті қазақстандықтар! Маған бұл туралы хабарлау қиын, бірақ, өкінішке орай, Париж Олимпиадасына қатыса алмаймын, - делінген мәтінде.
Рыбакинаның айтуынша, Уимблдон турнирінен кейін ол жедел бронхитпен ауырған және жаттығуға қайта оралуға тырысқанына қарамастан, оның денесі әлі қалпына келген жоқ. Дәрігерлер оған кордқа шығуға қатаң тыйым салды.
Мен сіздердің үмітіңізді ақтай алмайтыныма және Париж Олимпиадасында біздің құраманың сапында бола алмайтыныма өте өкінемін. Мен Токиода медальға өте жақын болдым және Қазақстанға алтын сыйлау үшін Париж ойындарына мұқият дайындалдым. Өкінішке орай, ауру бұл жоспарлардың орындалуына жол бермеді, - деді ол.
Рыбакина барлық қазақстандық спортшыларға Парижде сәттілік пен табыс тіледі.
Мен барлық спортшыларымызды қолдаймын және олар біздің елімізді олимпиадаға лайықты түрде ұсына алады деп сенемін. Алға, Қазақстан! - деп қосты теннисші.
Біз бұған дейін Рыбакина 2024 жылғы Олимпиадаға қатысушылар тізімінен шығарылғанын жазған болатынбыз. Қазақстан теннис Федерациясында бұл туралы мәлімдеме жасалды. ҚР Туризм және спорт министрлігі де арнайы түсініктеме берген еді.