Australian Open турнирі барысында Ulyssport.kz редакциясы Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакинамен бірінші айналымдағы жеңісінен кейін тілдесті.
– Елена, жеңісің құтты болсын! Бүгінгі жеңісіңде жаңа бапкерің Горан Иванишевичтің рөлі қандай болды? Жалпы әріптестіктің нәтижесі деуге бола ма?
– Нақты айта алмаймын. Бір нәрсе айту үшін әлі ерте деп ойлаймын. Біз бір-бірімізді енді ғана танып, біліп жатырмыз.
– Бұрынғы бапкерің Стефано туралы тағы да сұрағым келеді. Осы матч алдында сөйлесе алдыңыздар ма? Оның аккредитация алмағанын білеміз.
– Жалпы Стефаномен сияқты сөйлесеміз. Горан сияқты ақыл-кеңестерін айтып тұрады. Тек онымен ғана емес, бүгін кездескен қарсыласыммен жақында ғана ойнаған қызбен де сөйлестім, пікірін сұрадым. Өйткені оның қалай ойнайтынын білмедім.
– Білуімізше Стефано билетпен ғана кіре алады. Сіз билет бердіңіз бе?
– Ол бүгінгі матчта болған жоқ.
– Биыл Аустралия ашық чемпионатында жаңашылдықты байқаған боларсыз. Бапкерлеріңіз корттың шетінде отыра алады (биылғы турнирде бапкер спортшымен ойын барысында тілдесіп, ақыл-кеңес сұрай алады). Байқағаным, сіздің команда бұрынғысынша көрермендер жақта отырды. Сіз солай шештіңіз бе?
– Иә. Біз матч алдында ақылдасып, бұрынғысынша жоғарыда отыруларын қаладым. Өйткені қарсы жақта ойнағанда маған көрінсін деген тілек болды. Алдағы матчтарда мүмкін төменге қарай түсетін шығар?! Көреміз.
– Матч алдында қандай да бір ритуалыңыз бар ма?
– Нақты бір ритуалым жоқ. Әдеттегідей жаттығамын, сосын тамақтанамын. Алдыңғы ойынның бітуін күтемін.
– Мельбурнда теннистен басқа немен шұғылданасыз? Бос уақытыңызда не істейсіз? Қызықты, мәдени жерлерге бара алдыңыз ба?
– Ауа-райы онша болмады. Әлі көп нәрсе көріп үлгермедік. Уақытты әзірге тек жаттығуға арнап жатырмын. Әрине тамақтану үшін сыртқа шыққан күндерім болды.
– Былтырғы Еленаға қарағанда биылғы Еленаның допты ойынға қосқандағы жылдамдығы аздау. Ол неге байланысты?
– Статистикаға қарамадым, бірақ біз қазір доптың жылдамдығына емес, нақты бір нүктеге түсуіне, сапаға жұмыс жасап жатырмыз. Мүмкін содан болар?!
– Рахмет! Екінші айналымда сәттілік!