20 ақпанда Оңтүстік Кореяның Сеул қаласында мәнерлеп сырғанаудан төрт құрлық чемпионаты басталады. Бұл беделді жарыста еліміздің намысын 2025 жылы Харбинде (Қытай) өткен Қысқы Азия ойындарында сынға түскен спортшылар қорғайды, деп хабарлайды Ulyssport Ұлттық олимпиада комитетіне сілтеме жасап.
Тарихқа көз жүгіртсек, бұл халықаралық турнирде (тек Азия, АҚШ, Африка және мұхит елдерінің спортшылары қатысады) Қазақстан құрамасы екі медаль жеңіп алған. 2015 жылы тұғырдың ең биік сатысына Денис Тен көтерілген. Ал екі жылдан кейін Элизабет Тұрсынбаева күміс жүлдегер атанды.
Биыл Қазақстан құрамасының медаль еншілеуге жақсы мүмкіндігі бар. Әсіресе, ерлер арасындағы жекелей сында. Себебі Сеулге әлемдік мәнерлеп сырғанау жұлдыздарының көпшілігі, соның ішінде жапон спортшылары мен қазіргі әлем чемпионы, америкалық Илья Малинин келмейді.
Малининнің қатыспауы түсінікті жағдай. Ол биыл екінші рет әлем чемпионы атануға дайындалуда. Оның үстіне, биылғы әлем чемпионаты спортшының отанында – АҚШ-та өтеді. Наурыз айындағы басты жарысты Бостон қаласындағы "TD Garden" аренасы қабылдайды. Сондықтан әлемдік деңгейдегі жұлдыз төмендеу дәрежедегі турнирге қатысуды жөн көрмеді.
Жапония құрамасы бұл жарысқа үш спортшыны тіркеген. Алайда олардың қатарында Юма Кагияма мен Шун Сато жоқ. Сарапшылардың пайымдауынша, атақты спортшылар 2025 жылғы қысқы Азия ойындарындағы сәтсіздіктен кейін күйзеліске түсіп, қалыпқа келу кезеңін өткізіп жатыр. Сондай-ақ олар Харбинде жіберген қателіктерін түзеп, әлем чемпионатына мейлінше дайындықпен келуді көздеуде.
Айта кетерлігі, олардың жоқтығы басқа спортшылар үшін жаңа мүмкіндіктер ашты. Себебі төрт құрлық чемпионатының өткен жылғы жеңімпазы мен күміс жүлдегері дәл осы Кагияма мен Сато болатын. Демек, Сеулде бұл турнирдің қазіргі чемпионы өз атағын қорғай алмайды.
Осылайша, жарыстың басты фавориті оңтүстіккореялық Ча Джун Хван болмақ. Ол маусым басында аса белсенді болмағанымен, Азия ойындарына қарай бабына келіп, алтын медаль жеңіп алды. Қазір жігері тасып тұрған спортшы чемпионатқа сақадай сай келеді. Оған қоса аталмыш дода Оңстүстік Кореяда өтеді.
Қағаз жүзінде жүлдеден үмітті спортшылардың қатарында қазақстандық Михаил Шайдоров та бар. Азия ойындарының еркін бағдарламасында қарсыластары көп қателік жібергендіктен, Михаил үздік үштікке еніп, қола медаль иеленді. Бұл – оның өз мүмкіндігін толық пайдалана алмағанына қарамастан жеткен нәтижесі. Шайдоров қысқа бағдарламада өрескел қателікке бой алдырды, ал еркін бағдарламада дене қызуымен сырғанауға мәжбүр болды.
Егер Михаил Шайдоров өз бағдарламасын таза орындаса, үздік үштікке енуге әбден болады. Өткен жылы қазақстандық спортшы алтыншы орын алған еді. Оған дейін екі рет бесінші нәтиже көрсетті. Сол уақыттан бері ол өз бағдарламаларын айтарлықтай күрделендіріп, техникалық деңгейін көтерді. Жалпы, жоғары нәтижеге жетуге толық мүмкіндігі бар.
Дегенмен, жапондық спортшылар кедергі келтіруі мүмкін. Команда құрамында Као Миура бар. Биыл ол аса жарқырап жүрген жоқ, өйткені Жапония атынан негізінен Сато мен Кагияма өнер көрсетті. Бірақ оның тәжірибесі мықты. 2023 жылы ол төрт құрлық чемпионатын жеңіп алған. Әсіресе, қысқа бағдарламасы өте мықты. Сондықтан жас спортшыны есептен шығаруға болмайды.
Сонымен қатар АҚШ спортшылары да қызықты өнер көрсетуі мүмкін. Қағаз жүзінде олар аса қауіпті қарсылас емес сияқты. Алайда олардың қазіргі деңгейі белгісіз.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы бұл жарысқа қысқы Азия ойындарында өнер көрсеткен құраммен қатысады. Ерлер арасында тағы бір қазақстандық Диас Жиренбаев мұзға шығады. Бірақ оның жүлдеге таласуы екіталай, өйткені оның жинайтын ұпайлары мұндай деңгейдегі жарыста бәсекеге түсуге жеткіліксіз.
Сондай-ақ әйелдер арасында Софья Самоделкина мен София Фарафонованың жүлдеге жету мүмкіндігі тым аз. Себебі бұл санатта қатысушылар тізімінде өте мықты спортшылар бар. Бірден бірнеше мәнерлеп сырғанаушы басты фаворит саналады. АҚШ құрамасында көшбасшы – 2022 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері Алиса Лью.
Жапонияның әйелдер құрамасы ерлер секілді бұл жарысқа қысқы Азия ойындарының қатысушыларын жібермеді. Бірақ бапкерлер штабы Монэ Тибуды жарысқа қосты. Ол өткен жылы төрт құрлық чемпионатын жеңіп алған. Биыл да чемпиондық атақ үшін таласады.
Оңтүстік Корея өте мықты құраммен өнер көрсетеді. Жаңадан Азия ойындарының чемпионы атанған Ким Чхэ Еннің дайындығы жоғары деңгейде. Ол кез келген жарыста жүлдеге таласа алады. Сонымен қатар ерекше назар аударуға тұрарлық тағы бір корейлік спортшы – Ли Хэ Ин. 2023 жылы ол керемет өнер көрсетті.
Ол әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанып, командалық әлемдік біріншілікте тағы бір күміс медаль жеңіп алды. Сондай-ақ төрт құрлық чемпионатында топ жарды. Бірақ кейінірек дау-дамайға байланысты Оңтүстік Кореяның коньки федерациясы оны жарыстардан шеттетті. Спортшы Азиаданы қоса алғанда, бірнеше маңызды турнирлерді өткізіп алды. Қазір оған қайтадан жарыстарға қатысуға рұқсат берілді. Сондықтан ол бұл чемпионатта жүлдеге қол жеткізу үшін бар күшін салады.
Ал Софья Самоделкина тұрақты түрде даму үстінде. Харбиндегі Азиадада ол еркін бағдарламада таза өнер көрсетті. Алайда әзірге оның бағдарламаларының қиындығы жеткіліксіз.
Қазақстан құрамасы атынан мұздағы би жарысына Бойсангур Датиев пен Гаухар Наурызова қатысады. Өкінішке қарай олардың жүлдеге таласуы екіталай, өйткені бәсекелестік өте жоғары. Бұл санаттағы басты фавориттер – америкалық Мэдисон Чок/Эван Бейтс және канадалық Пайпер Гиллес/Поль Пуарье жұбы.
Қазақстандық спортшылар 20 ақпанда жарыс жолына шығады. Бұл күні ерлер арасында қысқа бағдарлама және мұздағы би бойынша ырғақты би бағдарламасы өтеді.
21 ақпанда әйелдер арасында қысқа бағдарлама басталады. 22 ақпанда ерлердің еркін бағдарламасы және мұздағы би бойынша финалдық сайыстар өтеді. Әйелдер арасындағы шешуші өнер көрсету 23 ақпанға жоспарланған.