×

Grand Slam: Өзбекстанда Қазақстан атынан кімдер бақ сынайды

Өзбекстанның Ташкент қаласында кезекті Grand Slam жарысы өтеді. Жарыста әлем жұлдыздары өнер көрсете ме? Дзюдодан Қазақстан құрамасы маусымды қалай бастады. Толығырақ Olympic.kz материалында, деп хабарлайды Ulyssport.

Бүгін, 15:53
Grand Slam: Өзбекстанда Қазақстан атынан кімдер бақ сынайды
Фото: ҰОК

Қазіргі таңда Өзбекстанда өтетін турнирге 23 елдің дзюдошылары қатысуға өтініш білдірді. Қатысушылар тізіміне төрт құрлықтан 246 спортшы енді.

Қазақстан құрамасының бапкерлер штабы аталмыш жарысқа қатысатын спортшылардың есімін атады. Тізімге 20 дзюдошы енді. Турнирге қатысатын спортшылардың тізімі:

Ерлер құрамасы:

- Әлжан Нұрәділ (60 келі) 

- Мағжан Шамшадин (60 келі)

- Бомша Ердәулет (66 келі)

- Ержан Еренғайыпов (66 келі)

- Есет Қуанов (73 келі)

- Бақытжан Әбдірахманов (73 келі)

- Абылайхан Жұбаназар (81 келі)

- Айдар Арапов (90 келі) 

- Ермахан Әнуарбек (90 келі)

- Мәдиев Бейбіт (-100 келі) 

- Марат Байқамов (-100 келі)

- Еламан Ерғалиев (+100 келі)

Әйелдер құрамасы: 

- Ғалия Тыныбаева (48 келі)

- Диана Буркеева (-48 келі) 

- Құндыз Жылқыбай (52 келі) 

- Бақыт Құссақбаев (57 келі) 

- Есмигул Куолова (63 келі) 

- Кристина Сотникова (70 келі)

- Аруна Жангелдина (-78 келі)

- Назгүл Маратова (+78 келі)

Жалпы қазақстандық дзюдошылар үшін маусым сәтсіз басталды. Алғашқы кезең 1-2 ақпан аралығында Парижде өткен болатын. Алайда, бұл турнирге ұлттық құрама қатыспады. Содан кейін, 14-16 ақпан аралығында Әзірбайжанның Баку қаласында өткен еді. Бұл додада қазақстандықтар жоғары нәтиже көрсете алмады.

Дегенмен қазақстандықтардың арасында жалғыз медальді Ерасыл Қажыбаев 100 келі салмақ дәрежесінде иеленді. Одан бөлек Бакудағы жарыста Ислам Тоқтасын (73 келіге дейін), Мейіржан Жұмабек (81 келіге дейін), Ислам Бозбаев (100 келіге дейін) жетінші орынға табан тіреген еді.

Ендігі "Үлкен дулыға" турнирі Өзбекстанның Ташкент қаласында өтеді. Негізгі бәсекелестік туралы айтар болсақ, басты қарсылас Жапония құрамасы. Алайда жарыс қожайындары да шетте қалмайды.

Жапония құрамасының бапкерлер штабы тізімге Азия чемпионаты мен 2024 жылы Токиода өткен Grand Slam жарысының жүлдегерлерін қосқан.

Тартысты бәсеке 81 келі салмақ дәрежесінде болуы мүмкін. Бұл санатта жапондық Фудживара Сатору өнер көрсететін болады. Спортшы 2024 жылы Токиода өткен сайыста жеңімпаз атанған. Бұл нәтиже оның фаворит екендігін дәлелдейді. 

Алайда бұл додаға Өзбекстан құрамасынан 56 спортшы қатысады. Соның ішінде 2025 жылы Парижде өткен Grand Slam және 2024 жылғы Олимпиада ойындарының жеңімпазы мен жүлдегерлері бар. 

Айта кетсек, Алишер Юсупов 2024 жылғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері. Спортшы 100 келіден жоғары салмақта бақ сынайды. Сонымен қатар 73 келіге дейінгі салмақта Шахрам Ахадов 2025 жылы Токиода өткен Grand Slam турнирінің жеңімпазы. Ал 60 келі салмақта Бахром Батуров бәсекеге қабілетті екенін көрсете алады.

Әйелдер арасында жағдай өзгеше. Бұл сайысқа қазақстандық Ғалия Тынбаева қатысады. Ғалия 2024 жылы Загребте өткен Гран-придің жеңімпазы атанған. Сондай Азия чемпионатының қола жүлдегері. Спортшы 48 келі салмақта сынға түседі. Жоғарыда аталған жетістіктерді ескере отырып, қазақстандықты сөзсіз фавориттердің қатарына толықтай қосуға болады.

Жүлделі орындарға ілігу оңай болмасы анық. Алайда жарыстағы тартысты еңсерілмейтін шың деуге болмайды. Кейбір салмақ дәрежесінде қазақстандықтардың жеңіс тұғырына көтерілуіне толықтай мүмкіндігі бар.

Новости партнеров