Бразилиялық “Сантос” клубының шабуылшысы, теңбіл доптың теңдессіз шебері Неймар да Силва Сантос Жуниор биыл жазда каталониялық “Барселонаға” қайта оралуы мүмкін, деп хабарлайды Ulyssport The Athletic-ке сілтеме жасап.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Дерек көзінің ақпаратына сүйенсек, каталониялық клуб пен ойыншының өкілдері әйгілі футболшыны “Камп Ноуға” (“Барселонаның” стадионы) қайтару мәселесін қызу талқылап жатыр. Әзірге нақты шешім қабылданған жоқ, бірақ ойыншының оралуы әбден мүмкін. Себебі 2025 жылы Неймар мен “Сантос” арасындағы келісімшарт уақыты бітеді. Екіншіден, Неймар ұлттық құрама сапында 2026 жылы өтетін Әлем чемпионатына баруды ойлап жүр. Ал Еуропада доп тебу оның дүбірлі доп додасына қатысу мүмкіндігін арттыра түсетіні сөзсіз. Қос тарап бір мәмілеге келсе, бразилиялық талант спорттық мәнсабын “Барселонада” қайта жалғастырады.
ТАҚЫРЫПҚА ТҰЗДЫҚ
Айта кетейік, Неймар “Барселона” сапында төрт маусым ойнаған. 2017 жылы оны француздық “Пари Сен-Жермен” клубы сол кездегі рекордттық сома – 222 млн еуроға сатып алған. Францияда біраз доп тепкен бразилиялық шабуылшы кейін Сауд Арабиясында бақ сынап көрді. 2025 жылдың қысында ол өзі түлеп ұшқан “Сантос” клубына қайта оралды.