Туризм және спорт министрлігі жаңа дене шынықтыру және спорт туралы заң арқылы спорт клубтарының ойыншыларына лимиттелген айлықты белгілемек. Әуелі заң күшіне енсе, айлықты белгілеу құзіреті министрлікке беріледі, деп хабарлайды Ulyssport.
Бұл туралы туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев орталық коммуникациялар алаңында өткен баспасөз мәслихаты барысында айтты.
Өте орынды сұрақ. Лимиттеу деген шектеу. 2020 жылдан бастап үкімет хаттамасымен футбол, хоккей және басқа да клубтарға шектеу қойылған болатын. Футбол мен хоккейге 1,2 млрд теңге, ал басқа спорт түрлеріне 450 млн теңге көзделетін. Сол клубтарға ойнайтын футболшылардың жалақысына да шектеу қоюға болатын. Оның жалақысы 2 млн теңге болған. Бірақ кейінгі 4-5 жылдың ішінде хаттама бекітілгеннен кейін көп клуб шектеулерден шығып кетті. Клубтардың атын атамай-ақ қояйын, 1,2 млрд теңге түгілі 5-6 млрд теңгеден астам бюджет қаражатын құйып жатыр. Оған қоғам, депутаттар тарапынан көп сұрақ туындады. Сондықтан, осы мәселені реттеу үшін заңға нақты ұсыныстарды енгіздік. Заң қабылданған соң министрлік осы сұрақтарды өз құзіретіне алады, – дейді Жарасбаев.
Вице-министрдің сөзінше, министрлік бюджеттен қаржыландыру кезінде легионерлерді шектеуді, қаражатты лимиттеуді, жалақыларын да шектеу қоюды өз құзіретіне алады. Алайда кез келген клуб демеуші тапса, спортшыларының айлығын өсіре алады.