14 жасқа дейінгі Қазақстан құрамасы World Junior Tennis Competition турнирінің финалдық кезеңіне жолдама алды, деп хабарлайды Ulyssport.
Малайзияның Кучинг қаласында өтіп жатқан Азия/Океания аймақтық іріктеу кезеңінің ширек финалында отандастарымыз Қытай Тайбэйін 2:1 есебімен жеңді.
Бастапқы матч нағыз марафонға айналды. Бексұлтан Бауыржанов төрт сағатқа созылған тартысты ойында Йен Ценгке 4:6, 6:4, 6:7 (4:7) есебімен есе жіберді. Алайда екінші кездесуде Ахмади Маханов есепті теңестіріп, Хуан Цайды 6:3, 6:4 есебімен сенімді түрде жеңді.
Кездесудің тағдырын жұптық ойын шешті. Маханов пен Хақназар Жеткербайдан дуэті үйлесімді ойын көрсетіп, Цай/Чан жұбын 6:3, 4:6, 10:6 есебімен жеңді.
Осылайша, Қазақстан құрамасының осы жас санатында әлем біріншілігіне екінші мәрте шығып отыр.