25 мамыр Франция астанасы Парижде басталған Ролан Гаррос турнирінің алғашқы айналымында қазақстандық спортшылардың барлығы өз матчтарын сәтті өткізді. Кортқа соңғы болып шыққан Юлия Путинцева да қарсыласын екі сетте ұтты, деп хабарлайды ulyssport.kz
Әлемдік рейтингте 31-орында тұрған Путинцева бірінші раундта негізгі сеткаға іріктеу арқылы өткен аргентиналық Солана Сьеррамен (әлемнің 110-ракеткасы) кездесіп, матчты екі сетте аяқтады. Оның алғашқысы тай-брейкпен тәмамдалды. Жалпы есеп 7:6 (7:4), 6:2.
Теннисшілер кортта 1 сағат 38 минут ойнады. Осы уақыт ішінде қазақстандық спортшы 13 брейк-пойнттың бесеуін жүзеге асырып, төрт қосар қателік жіберді, алайда бірде-бір эйс орындаған жоқ.
Екінші айналымда Путинцева америкалық Кэти Волынец пен қытайлық Тайбэйден келген Джоанна Гарленд арасындағы матчтың жеңімпазымен кездеседі.
Айта кетейік, әйелдер арасындағы жекелей сында Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина, жұптық сында Анна Данилина, сондай-ақ ерлер арасындағы жекелей сында Александр Бублик пен Александр Шевченко да «Ролан Гаррос» турниріндегі кездесулерін жеңіспен бастады.