Қазақстандық теннисші Елена Рыбакинаның бұрынғы бапкері Стефано Вуков психологиялық қысым көрсеткені үшін бір жылға кәсіби қызметінен шеттетілді. Бұл шешімді Әйелдер теннис қауымдастығы (WTA) қабылдаған, деп хабарлайды Ulyssport 1bol.kz-ке сілтеме жасап.
Алайда Вуков бұл шешіммен келіспей, ресми түрде шағым түсірді. Бұл туралы The New York Times басылымы жазды.
Басылым мәліметінше, Вуков WTA турнирлеріне қатысуға қойылған тыйымды жоюға тырысып жатыр. Қазір оның арызын тәуелсіз арбитраж қарастырып жатыр.
WTA бұл мәселеге байланысты түсініктеме беруден бас тартты. Ұйым өкілдері бұл істің арбитраждық сипатта екенін және мұндай процестерге пікір білдіру құпиялылыққа байланысты шектелетінін алға тартқан. Ал Вуков болса, журналистер қойған сұрақтарға жауап бермеген.
The New York Times дерегінше, WTA ішкі регламентіне сай мұндай даулар сот арқылы емес, арбитраж тәртібімен шешілуі керек.
WTA қабылдаған шешімге сәйкес, Стефано Вуковқа қауымдастық аясында өтетін турнирлерге қатысуға, аккредитация алуға, стадион мен жаттығу корттарына кіруге, сондай-ақ спортшылар орналасатын аймақтарға баруға тыйым салынған. Бұл шектеулерді Уимблдон, Australian Open, Roland Garros және US Open сияқты төрт «Үлкен дулыға» турнирі де қолдаған.
РИА Спорт мәліметінше, Вуков 2024 жылдың қаңтарында шәкірттеріне жүйелі түрде психологиялық қысым көрсеткені үшін шеттетілген. Бұған дейін жарияланған ақпараттарда ол Елена Рыбакинаға шамадан тыс жаттығу жүктемесі жүктеп, соның салдарынан спортшының денсаулығы сыр бергені айтылған. Сондай-ақ бапкердің Рыбакинаға «ақымақсың» деп тіл тигізіп, тіпті «мен болмағанда, Ресейде картоп қазып жүрер едің» деген ауыр сөздер айтқаны хабарланған.
Осы оқиғалардан кейін Елена Рыбакина бапкерін ауыстырып, хорват маманы Горан Иванишевичпен жұмыс істей бастаған. Алайда Australian Open жарысынан кейін теннисші онымен ынтымақтастығын тоқтатты. Қазіргі таңда Рыбакина италиялық маман Давиде Сангвинеттидің жетекшілігімен жаттығып жатқанын хабарлаған.