×

Мирзиёев әлем чемпионатына жолдама алған өзбек футболшыларына 40 көлік берді

Ташкенттегі «Бунёдкор» стадионында өткен футбол мерекесінде Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев ұлттық құраманың ойыншыларын ерекше құрметпен марапаттады, деп хабарлайды Ulyssport.

11.06.2025, 11:31
Мирзиёев әлем чемпионатына жолдама алған өзбек футболшыларына 40 көлік берді
olympic.uz

Өзбекстан мен Катар құрамалары арасындағы кездесуден кейін, президент 2026 жылы АҚШ, Канада және Мексикада өтетін футболдан әлем чемпионатына жолдама алған спортшыларды арнайы атап өтті.

НАГРАДА МЕН ТЕМІР ТҰЛПАР

Шавкат Мирзиёевтің жарлығымен әлем біріншілігінің іріктеу кезеңінде көзге түскен футболшыларға мемлекеттік марапаттар берілді. Сонымен қатар, әр ойыншыға президент атынан BYD маркалы автокөлік тарту етілді. Жалпы саны 40 көлік команда мүшелеріне салтанатты шарада тапсырылды.

Бұл сыйлық жайлы ақпарат бұған дейін БАӘ құрамасымен өткен нөлдік тең нәтижелі матчтан соң жарияланған болатын. Дәл сол ойын өзбек құрамасы үшін тарихи кезеңге айналып, тұңғыш рет әлем чемпионатына қатысу құқығын алып берді.

АРНАЙЫ АТАҚ ПЕН ОРДЕН

Команда бапкерлері мен техникалық құрам да назардан тыс қалған жоқ. Оларға «Өзбекстан мақтанышы» құрметті атағы берілді. Ал ұлттық құраманың бұрынғы бас бапкері, словениялық Сречко Катанец пен бірқатар шетелдік мамандар «Достық» орденімен марапатталды. Еске салайық, Катанец қаңтар айында онкологиялық дертке байланысты қызметінен кеткен еді.

Физиотерапевттер, аудармашылар мен медиа бөлім қызметкерлері де ел алдындағы еңбектері үшін арнайы мемлекеттік марапатқа ие болды.

Новости партнеров