×

Әбиба Әбужақынова: алтынның ауылы алыс емес

Қазіргі уақытта Будапештте (Венгрия) дзюдодан әлем чемпионаты жалғасуда. Жарыс аясында Қазақстан әйелдер құрамасының көшбасшысы Әбиба Әбужақынова 48 келіге дейінгі салмақта белдесіп, тарихи күміс жүлдеге ие болды. Olympic.kz сайтына берген сұхбатында отандасымыз жарыста есте қалған сәттері мен алдағы жоспарлары жайлы айтып берді, деп хабарлайды Ulyssport.

19.06.2025, 15:16
Әбиба Әбужақынова: алтынның ауылы алыс емес

Әбиба Әбужақынова бұған дейінгі әлем чемпионаттарында екі мәрте қола жүлдегер атанған болатын. Ал биылғы әлем біріншілігінде финалға дейін жетіп, күміс медальға ие болды. Айта кетейік, Әбиба финалға шыққан алғашқы қазақ қызы.

Әлем чемпионатында тарихи жетістікке қол жеткіздіңіз, соған орай өз сезімдеріңізбен бөліссеңіз

- Қолдау көрсеткен барша жанкүйерге алғысымды айтамын. Ия, тарихи жетістік, тарихи медальға қол жеткіздім (күлімдейді). Не дегенмен, финалға дейін сүрінбей жетіп, ақтық сында кішігірім қателіктердің салдарынан жеңіліп қалдым.

- Ең қиын қарсылас туралы айтсаңыз? Кім қиындық тудырды?

- Ең қиын қарсыласым – финалда кездескен италиялық балуан болды. Шынымды айтсам, оның қандай әдіс қолданатынын алдын ала біліп, дайындығымды да соған қарай құрған едім. Бірақ белдесудің қызу сәтінде күтпеген жерден дәл сол әдіске түсіп қалып, қарсыласым юко ұпайын еншіледі. Ол сәт мен үшін өте маңызды әрі шешуші болды. Уақыт та таусылуға жақын еді. Сондықтан тәуекелге бел байлап, барымды салып шабуылға көштім. Соңына дейін күресіп, қолымнан келгеннің бәрін жасадым.

- Сіздің ойыңызша ұлттық құрама қалай өнер көрсетіп жатыр?

- Әлем чемпионатында өнер көрсетіп жатқан командаластарыма сәттілік тілеймін. Барлығы жақсы күресіп жатыр. Сондай-ақ, барлығы жас спортшылар. Әлі де үмітімді үзбеймін. Медаль алады деген үміттемін. 

- Осы әлем чемпионаты несімен есте қалды?

- Әлемдік дода мен үшін өте қызықты әрі тартысқа толы өтті. Бұл жарыстан есімде қалғаны – тек ерекше әсер мен толқыныс. Әр белдесу, әр сәт жүрекке қатты әсер етті. Қазақстан халқына зор қуаныш пен мақтаныш сезімін сыйладым деп ойлаймын.

- Әлем чемпионатынан кейін демалыс алуды жоспарлап отырсыз ба?

– Иә, қазір маған бірінші шілдеге дейін демалыс берілді. Бірінші шілдеде оқу-жаттығу жиыны басталады. Сол уақытқа дейін толыққанды демалып, күш-қуат жинап алуды жоспарлап отырмын. Бұл кезеңде жаттығу жасамай, денемді қалпына келтіріп, денсаулығымды нығайтуға көңіл бөлмекпін. Жарақаттардың алдын алып, әрі қарайғы дайындықты тың қарқынмен бастау үшін маңызды қадам.

- Алдағы мақсатыңыз қандай?

- Биылғы жылдың соңына қарай бірнеше маңызды халықаралық жарыстар күтіп тұр. Соның ішінде Grand Slam турнирлеріне қатысамын деген жоспар бар. Әрине, нақты шешімді бапкерлер штабы қабылдайды. Бірақ мен барынша дайын болуға тырысамын. Жаттығуды жүйелі түрде жалғастырып, физикалық та, техникалық та деңгейімді жаңа сатыға көтеруім керек. Әр белдесуде кеткен қателіктерді саралап, солармен жұмыс істеу – басты назарда. Себебі алтынның ауылы алыс емес деп ойлаймын.

Новости партнеров