Қазақстан құрамасының дзюдо спортшысы Әбиба Әбужақынова Біріккен Араб Әмірліктерінің Абу-Даби қаласында өткен Grand Slam сериясындағы халықаралық турнирде қола жүлдегер атанды, деп хабарлайды Ulyssport.
ТОЛЫҒЫРАҚ
48 килограммға дейінгі салмақ дәрежесінде қола медаль үшін өткен белдесуде Әбиба Испания спортшысы Ева Перес Солерге қарсы шықты.
Қарсыластар арасындағы тартысты айқаста жеңісті қазақстандық спортшы Әбужақынова қанжығасына байлады. Осылайша ол жарыс тұғырының үшінші сатысына көтерілді.
АЙТА КЕТЕЙІК
Турнирдің алғашқы күнінде финалдық кезеңге дейін жеткен жалғыз спортшы – Әбиба Әбужақынова болды.
ӘБИБА ӘБУЖАҚЫНОВА
Әбиба Рахманәліқызы Әбужақынова – Қазақстанның дзюдо спортының жұлдызы. Ол 1997 жылдың 4 шілдесінде Өзбекстанның Ташкент облысында дүниеге келген. Кейін Қазақстанға қоныс аударып, ұлттық құрама сапында өнер көрсетіп келеді. Әбиба 48 килограммға дейінгі салмақ дәрежесінде күресіп, халықаралық аренада ел намысын қорғап жүр. 2022 жылы Ташкентте өткен әлем чемпионатында қола жүлде алып, 2025 жылы Венгрияда күміс медаль жеңіп алды. Азия ойындарында да жүлдегер атанып, 2022 жылы Ханчжоуда қола медаль иеленді. Азия чемпионатында 2021 жылы Бішкекте күміс, 2022 жылы Нұр-Сұлтанда қола жүлде алды. Grand Slam турнирлерінде бірнеше рет жеңіске жетіп, Ұланбатыр мен Абу-Дабиде, сондай-ақ Париж бен Тбилисиде қола медальға қол жеткізді. Әлемдік Гран-при жарыстарында 2023 жылы Алмадада және 2025 жылы Австрияда алтын медаль жеңіп алды. Парижде өткен 2024 жылғы Олимпиадада бесінші орынға тұрақтады. Әбиба – Қазақстан тарихында әйелдер арасында дзюдодан әлем чемпионатының финалына шыққан алғашқы спортшы.