Бүгін Қазақстандық теннисші Александр Шевченко Нью-Йоркта өтіп жатқан АҚШ ашық біріншілігінің екінші айналымына өтті. Қарсыласы неміс спортшысы Доминик Кепферді өте тартысты матчта 6:3, 7:5, 5:7, 6:2 есебімен жеңген соң, жерлесіміз ойын барысында болған қиындықтар, келесі айналымдағы қарсыласы және Ulysmedia тілшісінің басқа да сұрақтарына жауап берді.
- Александр, бірінші сұрағым, әрине, қарсыласыңыз туралы. Матч өте тартысты өтті. Бір сетті беріп қойдыңыз. Екі жақта да бірнеше брейк болды. Жалпы ойынды қалай бағалайсыз?
- Кездесу өте қиын өтті. Негізі тізем екі айдан бері ауырып жүр. Олимпиадаға да жарақатпен бардым. Ауырсынуды басатын дәрінің арқасында ойнауға тура келді. Бүгін жарақатыма қарамастан жеңіске жеттім, қуаныштымын. Жақын арада бәрі ойдағыдай шешіледі деп үміттенемін. Соңғы айлардағы турнирлерді өткізіп алмау керек болды.
- Дәрігерлер не дейді?
- Олар маған төрт апта демалу керек деп кеңес берді. Алайда көп күш жұмсамай жаттығуды азайту арқылы мәселені шешуге болады. Солай жасаймын. Өйткені турнирлерді жібергім келмейді.
- Алғашқы екі сетті жеңіп тұрып, үшінші сетте есе жібердіңіз?!
- Иә, 5:4 болып тұрғанда матчтың бітуі үшін допты ойынға қосып жатқанмын. Бірақ беріп қойдым. Шамалы өкінішті. Қарсыласым Кепфер өте жақсы ойыншы. Бұл жерде төртінші айналымға дейін жеткен.
- Көп теннисшілер бүгін ауа-райына шағымданды. Сіз не дейсіз?
- Өте ыстық. Дәл қазір қиналып дем алып тұрмын. Көп терледім. Алайда көп су іштім. Бәрі жақсы. Күндіз Бублик ойнағанда қиын болғанын білемін. Ыстықта әлдеқайда қиынға соғады. Мен кортқа шыққанда күн батып жатты, жақсы болды.
- Осында сізге кім көмектесіп жүр? Командаңыз туралы айтсаңыз?!
- Тимур Мәуленов. Менің жаттықтырушым. Өте жақсы жаттықтырушы деп ойлаймын. Сол кісіге қайта оралдым. Алдыңғы уақытта қалай болатынын көре жатармыз.
- Келесі айналым туралы не дейсіз?
- Тиафу (АҚШ) немесе Ковачевич (АҚШ). Қазір ойнап жатыр. Ойындарын міндетті түрде қараймын.
- Егер бүгін Тиафу жеңсе, сәрсенбі күні матч әйгілі Артур Эш стадионында өтуі мүмкін. Бұрын онда ойнап көрдіңіз бе?
- Жоқ, ойнаған жоқпын. Бірақ дайынмын. 24 мың көрерменнің алдында, әсіресе АҚШ теннисшісіне қарсы қызық болады. Асыға күтемін.
- Елена Рыбакина жақында жаттықтырушысымен жұмысын тоқтатты. Кеше және бүгін қасында Юрий Щукинды (Қазақстан құрамасының капитаны) байқадық. Жаңа жаттықтырушысы деп айтуға бола ма?
- Білмедім. Ақпаратым жоқ екен. Иә, жаттығу барысында көмектесіп жүр. Менің ойымша жәй ғана уақытша қолдау көрсетіп жүр.
- Жұптық сында тізімде жоқсыз. Әдейі қатыспадыңыз ба?
- Негізі мен қатысамын деп, өтініш білдіргенмін. Рұқсат бермейтін сияқты.