Қазақстандық теннисші, әлемнің 218-ракеткасы Бейбіт Жұқаев Шанхай (Қытай) челленджер турнирінің ширек финалына өтті, деп хабарлайды Ulyssport.kz.
Ол екінші айналымда әлемнің 160-шы, осы жарыстың 7-ракеткасы, чилилік Томас Барриостың меселін қайырды.
Бірінші партияда тай-брейкте Бейбіт ширақтық танытты – 7:6 (7:2).
Екіншісінде Барриос қарымта қайырды – 7:6 (7:2).
Үшінші, шешуші сетте есеп 6:5 болған мезетте Жұқаев брейк жасай білді – 7:5.
Үш сағат 10 минутқа созылған аса тартысты бәсеке барысында Бейбіт 16 эйспен бірге 6 брейк-пойнттың тең жартысын құр жіберген жоқ. Барриос 8 эйс, 1 брейктен (6 брейк-пойнт) аса алмады.
Бейбіт Жұқаевтың ширек финалдағы қарсыласы кейін анықталады.
Қазақстандық теннисші қазіргі сәтте ATP Live рейтингісінде 196-орынға көтеріліп, ТОП-200-ге қайта кіріп тұр.