Уханьдағы WTA 1000 санатындағы теннис турнирінің 2-айналымында қазақстандық теннисші Юлия Путинцева әлемнің 18-ракеткасы, Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері, хорватиялық Донна Векичпен кездесті, деп хабарлайды Ulyssport.kz.
Кездесу үш сетке созылды. Бірінші кезеңде қазақстандық теннисші 6:4 есебімен басым түссе, екінші сетте қарсыласы қарымта қайтарды (3:6). Ал шешуші кезеңде Путинцева ширақтық танытып, 6:4 есебімен жеңіске жетті.
Юлия Путинцева ширек финалға шығу үшін әлемнің екінші, осы жарыстың 1-ракеткасы, беларусь өкілі Арина Соболенкомен ертең, 10 қазанда жолығады. Ол бүгін чехиялық Катержина Синяковамен кездесіп, жеңіске жеткен болатын.
Қазақстандық теннисші кеше рейтингте 250-орында тұрған қытайлық Чжан Шуайды да жеңген.
Айта кетейік, Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина әйелдер теннис қауымдастығының рейтингінде төмендеген еді. Рейтингтің жаңартылған нұсқасы 7 қазанда жарияланды. Рыбакина 4-орыннан 5-орынға төмендеп, америкалық Коко Гауффқа жол берді.
Рейтингтің көш басында польшалық спортшы Ига Швятек, Арина Соболенко және америкалық Джессика Пегула бар.