×

ҚХЛ: қос «барыстың» айқасы «Ақ Барыстың» жеңісімен аяқталды

Астаналық «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасының кезекті турындағы ойынын Қазанның «Ақ Барыс» командасымен өткізіп, 1:2 есебімен жеңіліп қалды, деп хабарлайды Ulyssport.kz.

05.11.2024, 23:34
ҚХЛ: қос «барыстың» айқасы «Ақ Барыстың» жеңісімен аяқталды
©ХК "Барыс"

«БАРЫС» ҚҰРАМЫ

Бас бапкер Ғалым Мәмбеталиев алаңға мына құрамды шығарды: Бояркин (Мэтцсон) - Бекетаев-Данияр, Жафьяров-Николишин-Бурдасов; Камалов-Хохлов, Панюков-Өмірбеков-Әсетов; Гайтамиров-Бутенко, Рахманов-Бойко-Сетдиков; Королев-Оразов, Мұратов-Логвин-Савицкий.

ДРАМАЛЫҚ МАТЧ

Бұл матч камбэк, төбелес және буллиттермен ерекшеленген драмаға толы өтті.

Астанада өткен матчтің алғашқы кезеңінің басында бірінші болып қонақтар алға шықты. Дмитрий Кателевский үшінші минутта алаң иелерінің қақпасына тойтарыссыз соққы бағыттады.

КАМБЭК

«Барыс» екінші кезеңнің соңына таяп қалғанда бар күшін салды. Ұрымтал сәтті пайдалана алған Ансар Шайхмедденов екінші кезеңнің үзілісіне 47 секунд қалғанда қарсылас қақпасын дәл көздеп, есепті теңестірді. 

ХОККЕЙ ТӨБЕЛЕСПЕН ДЕ ҚЫЗЫҚ

Негізгі уақыт аяқталып, 60-минутта «Барыс» алаңында төбелес басталып, алаң иелерінің ойыншысы Илья Хохлов пен «Ақ Барс» хоккейшісі Кирилл Семенов төбелесті.

Соның кесірінен екеуі де дөрекілік үшін 2 минуттық айып уақытымен жазаланды.

Ал одан кейінгі овертаймда гол соғылмады.

БУЛЛИТТЕР СЕРИЯСЫ

Кездесудің жеңімпазы матчтан кейінгі буллиттер сериясында анықталды, лотереяда қонақтардың бағы жанды. 

Осылайша «Барыс» 14 ұпай жинап, ҚХЛ-дың Шығыс конференциясында ең соңғының алдындағы 11-ші орында тұр. «Ақ Барыс» 27 ұпайымен үшінші орынға жайғасты.

БАС БАПКЕР ПІКІРІ

“Жігіттер барынша тырысты. Бірінші кезең біршама сүреңсіз басталды. Үзілісте біраз түзетулер енгізіп, өз хоккейімізді ойнай бастадық. Сөйтіп шайба соқтық. Буллитте гол соға алмадық, есесіне қарсылас соға алды. Ал ойынға келетін болсам, жігіттер барынша тырысты. Бірте-бірте олардың бабы толысады деп ойлаймын. Бар жағынан жұмыс істеуіміз керек, сонда бәрі жақсы болады”, деді Мәмбеталиев.

Келесі турда астаналықтар өз мұз айдынында «Автомобилиспен» ойнайды.

Новости партнеров