24 дүркін Үлкен Дулыға турнирінің жеңімпазы Новак Джокович Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакинаның жаңа бапкері туралы ulyssport.kz тілшісінің сұрағына жауап берді.
Аустралияның Брисбан қаласында басталған “Brisbane International” турнирінің баспасөз конференциясында Новак Джокович бұрынғы бапкері Горан Иванишевичтің жаңа қызметі туралы жаңалықты естігендегі реакциясын бөлісті. Естеріңізде болар, қараша айында Елена Рыбакина Горан Иванишевичті (Хорватия) жаңа бапкері ретінде таныстырған болатын.
Шынымды айтсам, бұл жаңалықты естігенде қуандым. Рыбакинаның ойыны да, адам ретінде өзі де ұнайды. Горан Ленаның ойыны мен алдағы жетістіктеріне оңды үлесін қосады деп үміттенемін. Ол үздік спортшы, Үлкен Дулыға турнирінің жеңімпазы. Әлі де үлкен титулдар жеңу үшін аш деп ойлаймын. Өйткені мотивациясы өте жоғары екені байқалады. Екеуіне де барлық жақсылықтарды тілеймін!
Горан Иванишевич Джоковичпен бірге 2018-2024 жылдар аралығында жұмыс істеп, 12 Үлкен Дулыға турнирін жеңуіне көмектесті.
Жаңалықты естігеннің ертесінде-ақ Горанға смс жаздым (жымиды). Бұрын әйел теннисшіні жаттықтырғаны есімде жоқ. “Қалай екен?”- дедім. Әрине ерлер теннисіне қарағанда әлдеқайда басқаша болады. Алайда спортшыға көмектесу жөнінде ұсыныс алыпты, енді бірге үлкен титулдар жеңгенін көрейік деп үміттенемін,” – деді Париж Олимпиадасының алтын медаль иегері Новак Джокович.