ҚР Туризм және спорт министрлігі 5 спорт түрінің басшыларымен кездесті, деп хабарлайды Ulyssport.
ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Руслан Есеналин регби 7, нысана көздеу, бадминтон, триатлон, қазіргі бессайыстан команда басшыларымен жиын өткізді.
НЫСАНА КӨЗДЕУ
Аталмыш спорттан Париж Олимпиадасында араға 28 жыл салып, Александар Ле мен Ислам Сатпаев қола жүлде иемденген. Команда басшысы алдағы жылдары да жоғары нәтижеге ұмтылып, аймақтарда осы спорттың дамуына көңіл аударып жатқанын айтты.
ҚАРУ-ЖАРАҚТЫ ЖАҢАРТУ КЕРЕК
Қару-жарақты италиялық үлгіге жаңартуға, бірқатар мықты бапкерлерге келісім-шарт ұсыну қажеттігін, басты қарсыластар Қытай, Үндістан, Оңтүстік Кореяда айлықтың жоғары екенін айтып, өз жаттықтырушыларымызды да жігерлендіру керектігіне тоқталды.
РЕГБИ 7
Бұл спорттан еліміздің айтарлықтай жетістікке жетпеуіне өңірлерде ақшаның аз бөлінуі, оқу-жаттығуларының аздығы, спарринг қарсыластардың жетіспеушілігі әсер ететіндігі алға тартылды.
БАДМИНТОН
Бадминтоннан Париж Олимпиадасында Дмитрий Панарин алғаш рет осы спорт түрінен бақ сынады. Команда басшысы алдағы уақытта Олимпиадалық іріктеу жарыстарына бір ғана емес, бірнеше спортшылардың баруына және тұрақты түрде жаттығатын орталықтың ашылуына мүмкіндік жасалғанын қалайды.
БЕССАЙЫС
Қазіргі бессайыста Париж Олимпиадасында 2 лицензия иеленгенімізбен, консультант, бапкерлік жағынан жаңартуды қажеттегі айтылды. Себебі, 2016 жылдан бері нәтиже төмендеп барады. Жаңадан енгізілген обстэкл дисциплинасында арнайы құрылғы жетіспейді екен.
ВОЛЕЙБОЛ
Волейбол - Қазақстанда ең танымал спорттың бірі. Барлық өңірде дамыған.Әйелдер құрамасы үнемі Әлем чемпионатына қатысады. Ал 2025 жылы аруларымыз 21 жасқа дейінгі Әлем чемпионатында бақ сынайды. Қазіргі сәтте шетелдегі оқу-жаттығу жиындары мен лайықты спарринг қарсыластары аздау болып тұр
ТРИАТЛОН
Триатлон команда басшысы әр спортшының жаттығуын қадағалау және сараптау мақсатында электронды күнделікпен қамтамасыз ету, экипировканы жаңарту қажеттігін айтты. Антидопинг орталығы тарапынан допингке қарсы ынтымақтастық орнату керектігі ұсынылды.
Айта кетейік, министрлік алдағы уақытта өзге спорт түрлері бойынша да тыңдалымдар жалғасын табатынын жеткізді.