Қазақстандық теннисші Александр Шевченко Аустралия ашық чемпионатының бірінші айналымында әлемнің үшінші ракеткасы Карлос Алькараспен кездесті, деп хабарлайды Ulyssport.kz.
Үш сетке созылған тартысты матчта Шевченко төрт дүркін Үлкен Дулыға турнирінің жеңімпазы, Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Алькарасқа 1:6, 5:7, 1:6 есебімен жол берді.
Әйгілі Маргарет Корт атындағы аренада өткен кездесуде жерлесіміз 0 эйс, 2 брейкпен шектелді. Ал Алькарас болса, 6 эйс, 8 брейкпен (19 брейк-пойнт) көзге түсті.
Александр Шевченко турнирмен әлі қоштаспайды. Жұптық сында қазақстандық әріптесі Александр Бубликпен бірге өнер көрсетеді.
Australian open Мельбурн қаласында қаңтар айында өтетін өте ең ірі әрі теннис әлеміне өте ықпалды төрт турнирдің бірі.
Турнир 1905 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Биылғы жүлде қоры 96,5 млн Аустралия доллары (60 млн АҚШ доллары). Жекелей сында жеңіске жеткен спортшы 3,5 млн долларды қоржынына салады. Ал финалист - 1,9 млн доллар. Бірінші айналымда жеңілген теннисшіге 132 000 доллар төленеді.