Харбиндегі Азия ойындары: Қазақстан қай спортшылар барады, кімнен үміт бар

Ayan Oribay

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Харбинде өтетін Азия ойындарына дайындық жөнінде айтып берді, деп хабарлайды Ulyssport.kz.

 

ашық дереккөзден

АЗИЯ ОЙЫНДАРЫ

Министр баяндамасында атап өткендей, 2025 жылдың 7-14 ақпаны аралығында Қытай Халық Республикасының Харбин және Ябули қалаларында 9-қысқы Азия ойындары өтеді. Қысқы Азия ойындарының бағдарламасына 6 спорт түрі кіреді: коньки спорты, биатлон, керлинг, шаңғы спорттары, шайбалы хоккей, ски-альпинизм. Жалпы бағдарламада 11 спорттық дисциплина қамтылған (конькимен жүгіру спорты, шорт-трек, мәнерлеп сырғанау, биатлон, керлинг, шаңғы жарыстары, тау шаңғысы, фристайл, сноуборд, ски-альпинизм, шайбалы хоккей).

Ойындарға Азияның 32 елінен 1 000-нан астам спортшы қатысып, 64 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

ҚАЗАҚСТАН ҚҰРАМАСЫ ҚАНША СПОРТ ТҮРІНЕН ҚАТЫСАДЫ

Қазақстан құрамасы 6 спорт түрінен, 10 дисциплина бойынша жарыстарға қатысады. Команданың құрамы  138 спортшыдан құралған (72 ер адам және 66 әйел). Олар 51 медаль жиынтығы үшін күреседі. Салыстырмалы түрде қарасақ 2017 жылы Саппорода (Жапония) өткен Азия ойындарына Қазақстаннан 116 адам қатысқан болатын. 2025 жылы Харбинге баратын делегацияның жартысынан астамы Астана, Алматы қалаларынан және Шығыс Қазақстан облысынан шыққан спортшылар.

Ойындарға сапалы дайындық үшін ұлттық құрама 137 оқу-жаттығу жиынын өткізГЕН. Сонымен қатар, спортшылар 86 халықаралық жарысқа
қатысты, онда 33 медаль жеңген.

КІМДЕРДЕН МЕДАЛЬ БОЙЫНША ҮМІТ БАР

Үміткерлердің арасында жоғары спорттық жетістіктер мен мүмкіндіктерге ие спортшылар:

  • биатлоннан: 2023 жылғы қысқы Универсиаданың жүлдегері Александр Мухин және 2019 жылғы Универсиаданың екі дүркін жүлдегері Әсет Дүйсенов
  • (Алматы обл.).
  • шаңғы жарыстарынан: 2023 жылғы Универсиаданың қола жүлдегері Надежда Степашкина (Ақмола обл.).
  • Конькимен жүгіру спортынан: 2023 жылғы 4 континент жеңімпазы Надежда Морозова (СҚО), 2023 жылғы жастар арасындағы Әлем кубогының күміс жүлдегері
  • Алтай Жәрдембекұлы (Астана қ.).
  • Шорт-тректен: Азия ойындарының қола жүлдегері және Олимпиада қатысушысы Абзал Әжғалиев (Астана қ.),
  • 2024 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Денис Никиша (Ақмола обл.).
  • Фристайл-акробатикадан айтарлықтай перспективасы бар спортшылар: 2023 жылғы Еуропа кубогы кезеңінің жеңімпазы Шерзод Хаширбаев (Шымкент қ.), 2023 жылғы Еуропа кубогының қола жүлдегері Аяна Жолдас (Шымкент қ.).
  • Сонымен қатар 2024 жылғы Азия чемпиондары – шайбалы хоккейден ерлер құрамасы.

Аталған спортшылар еліміздің жүлделер қоржынына өз үлестерін қосады деп үміттенеміз, – дейді министр.

Азия ойындарындағы туды хоккейден спорт шебері, жастар арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері және жеңімпазы Әділ Бекетаев пен шорт-тректен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 2017 жылы өткен Азия ойындарының қола жүлдегері, сондай-ақ Дүниежүзілік Универсиада жүлдегері Ольга Тихонова ұстап шығады.