Батыс Қазақстанда спорт басқармасының тізгінін дзюдошы ұстады

Редакция Ulyssport

Батыс Қазақстан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы болып Бақдаулет Сәбитов тағайындалды, деп хабарлайды Ulyssport.kz.

БАСҚАРМАНЫ КІМ БАСҚАРАДЫ

Бақдаулет Маратұлы 1992 жылы 6 сәуірде Түркістан облысы Төле би ауданында дүниеге келген. Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-де клік, көлік техникасы және технологиялары мамандығы бойынша білім алған (2010-2014). Шымкент университетінде дене шынықтыру және спорт мамандығын оқыған (2016-2018). Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясының EMBA «Спорт менеджменті» магистрі (2024-2025) болған.

Қазақ күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Дзюдодан спорт шебері.

Қазақ күресі федерациясында басшылық қызмет атқарған.

2022 жылдың сәуір айынан бастап 2025 жылдың қаңтар айына дейін ҚР Туризм және спорт министрлігі «Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының» РМҚК директоры болған.

ҚЫЗМЕТКЕ ОРАЛҒАН ЧЕМПИОНДАР

Жалпы спорт министрі ауысқалы өңірлерде спорт басқармаларының басшылары ауысып жатыр. Мәселен, танымал боксшы, Афина Олимпиадасының чемпионы Бақтияр Артаев Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасына жетекшілік етеді. Ал Лондон Олимпиадасының чемпионы Серік Сәпиев өзінің туған өңірі Қарағанды облысының спорт тізгінін ұстады.