Аустралия ашық чемпионатының жасөспірімдерге арналған турнирінде 16 жастағы Қазақстан теннисшісі Заңғар Нұрланұлы екінші айналымға жолдама алды, деп хабарлайды Ulyssport.kz.
Бірінші айналымда жергілікті теннисші Николас Бейкерге (уайлд кард) қарсы өткен матчтың қорытынды есебі – 6:2, 3:6, 6:3.
Бұл Заңғар Нұрланұлының Үлкен Дулыға турниріндегі алғашқы матчы. Енді екінші айналымда Болгария өкілі Александер Василевпен (17 жас) ойнайды.
Заңғар тек жекелей сында ғана емес, сонымен қатар, Индия спортшысы Криш Тиягимен бірге Хьюитт/Марковина жұбына қарсы өнер көрсетеді. Круз Хьюитт – әйгілі аңыз теннисші Лейтон Хьюиттің ұлы.