Боксшы жігіттер өздерімен бірге үнемі қазы-қарта алып жүреді - ҰОК өкілі

Гүлнұр Қуанышбекқызы

Бүгін көптен күткен Париж Олимпиадасының ашылу салтанаты өтеді. Ресми түрде  алауын жағатын жазғы ойындарға  Қазақстан  командасы да үлкен дайындықпен келді. Қазіргі таңда отандық делегация олимпиадалық ауылға жайғасып, алғашқы аптада жарыс жолына шығатын спортшылар Парижге ат басын тіреді, деп хабарлайды Ulyssport.kz.

Фото: olympic.kz / Сали Сабиров, Тұрар Қазанғапов

Olympic.kz хабарлауынша, бүгінде олимпиадалық ауылдағы жағдай бір арнаға түсіп келеді. Әсіресе, алғашқы күндері кездескен кішігірім мәселелер дереу шешімін табуда.  

«Тамақтану тұрғысынан алғашында аздаған проблемалар  болды. Тағамды санау, логистика бойынша туындаған сауалдар 10-15 минут көлемінде шешіліп жатыр. Олимпиадалық ауылға өте  үлкен көлемде қонақтар келетіндіктен, алғашқы күндері мұндай жайттардың кездесетіні де орынды. Қазір бір бір қалыпқа  түсіп келеді. Бүгінде олимпиадалық ауылда он мыңнан аса адам тұрады. Олар кесте бойынша бір уақытта жаттығудан оралып, түскі асқа барады. Кейбір салмақ қуатын спортшылар тамақты аз жесе, марафонға қатысатындар керісінше, көбірек тамақтануға тырысады. Ал біздің спортшылар, әсіресе, боксшы жігіттеріміз үнемі өздерімен бірге қазы-қарта алып жүреді», - дейдіҚазақстан ҰОК спорт Департаментінің басшысы Бектұр Қиятбай. 

Күн сайын Парижге қазақстандық спортшылар ұшып келіп жатыр. Олардың басым бөлігі олимпиадалық ауылға орналасуда. Бірақ атлеттер арасында олимпиадалық ауылдан тысқары жерге жайғасанқандар да бар. 

«Әлемдік спорт жұлдыздары, футбол, баскетбол командалары олимпиадалық ауылға келе бермейді. Оның себебі де жоқ емес. Мәселен, Новак  Джоковичті алайық. Әйгілі  теннис жұлдызы олимпиадалық ауылға  1-2 рет келгеннің өзінде, оны спортшылар қаумалап, суретке түсіріп, аяғын жерге тигізбеді. Ал бұл спортшының демалуына, дайындалуына, бар назарын тек ойынға аударуына кері әсер етеді. Сондықтан, олардың олимпиадалық ауылда тұрмағанына тек түсіністікпен қарау керек. Бүгінде Джокович бөлек қонақүйде тұрады. Қазақстандық спортшылар  арасында да олимпиадалық ауылдан тысқары жерде орналасқандар бар. Олардың атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын. Кейбір атлеттеріміз  өздерінің жеке жаттығу жоспарына байланысты  бөлек тұру туралы шешім қабылдады», - дейді отандық атлеттердің Олимпиадаға алаңсыз дайындалуына жағдай жасап жүрген ҰОК  өкілі .