Фристайл-могулдан Қазақстан құрамасының спортшысы Юлия Галышева АҚШ-тың Уотервилл қаласында өтіп жатқан Әлем кубогы кезеңінде қола жүлдегер атанды, деп хабарлайды Ulyssport.kz Olympic.kz-ке сілтеме жасап.
Спортшы параллельді могулда сәтті өнер көрсетті. Галышева жартылай финалға дейін жетіп, сол жерде франциялық Перрин Лаффонға есе жіберді.
Үшінші орын үшін өткен жарыста қазақстандық спортшы канадалық Майя Швингхаммерден басым түсті.
Алтын медальді Перрин Лаффон жеңіп алса, екінші орынды АҚШ спортшысы Джейлин Кауф иеленді.
Анастасия Городко тоғызыншы орынға табан тіресе, Аяулым Әмренова 29-шы нәтижені көрсетті.
БҰҒАН ДЕЙІН
Еске сала кетсек, Юлия Галышева мен Анастасия Городко фристайл-могулдан Әлем кубогы кезеңінде үздік ондыққа енген.
Ал былтыр желтоқсан айында Грузияда өткен фристайл-могулдан әлем кубогы кезеңінде Юлия Галышева жүлдеге бір қадам жетпей қалғанын жазғанбыз.