Париж Олимпиадасы ресми түрде ашылды

Ерик Ильясов

Санаулы сәттер бұрын Франция астанасы Парижде Олимпиаданың ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды Ulyssport.kz
 

CNN

Парижді қақ жарып ағатын Сена өзенінде арнайы кемелерге мініп өткен командалар шеруінде Қазақстан құрамасы 95-ші реттік номермен шықты. Бұл жолы делегацияны бастап көк байрағымызды Ұлттық құраманың капитаны Асланбек Шымбергенов пен Ольга Сафронова ұстап шықты. Барлығы осы кеште 6 мыңдай спортшы мінген 85 қайық-баржа Сенаның сәнін келтіріп, 6 шақырымды басып өтіп, рәсімнің негізгі бөлігі өткен Трокадерода тоқтады. Ал қос жағалауда ашылу салтанатын шамамен 600 мыңдай адам тапжылмай тамашалады.

Олимпиада алауы соңғы сәтке дейін кімнің жағатыны белгісіз болып келді. Алау ұстаған Зидан, Рафаэль Надаль, Серена Уильямс, 1948 жылғы Олимпиада чемпионы, 100 жастағы Шарль Кост және т.б атақты тұлғалар белгілі қашықтықтан соң, бір-біріне алауды табысты. Тек соңғы сәтте жеңіл атлетикадан 3 дүркін Олимпиада чемпионы Мари-Жозе Перек пен дзюдодан 3 дүркін Олимпиада чемпионы Тедди Ринер басты алауды жақты. 

Ал ашылу салтанатының соңын атақты канадалық әнші Селин Дион «Махаббат әнұранымен» аяқтады. 

Жалпы 4 сағатқа созылған ашылу салтанатында 3 мыңға жуық, биші, әнші, артист өнер көрсетіп, көпшілікке ерекше әсер сыйлағаны анық. Биыл алғаш рет ерекше форматта өтіп, тарихта қалған Олимпиаданың ашылуына театр режиссері Томас Жолли жетекшілік етті.

Осы тұста Париж Олимпиадасында билет сатудан ойындар тарихындағы рекорд жаңарғанын айта кетейік. Бүгінде барлық жарысқа 8,8 миллионға жуық билет жанкүйерлер арасына тарап кеткен. Осыған дейінгі рекорд 1996 жылы Атлантада болған (8,3 млн билет).

Ертең, алғашқы жарыс күні біздің спортшылар дзюдо, тас жолдағы велоспорт, спорттық гимнастика, нысана көздеу, бокс, теннис, үстел теннисі,  академиялық ескек есуден сынға түседі.

Айта кетейік, Париждегі жазғы Олимпиадада Қазақстан құрамасының 79 атлеті 25 спорт түрінен сынға түседі. XXXIII ойындар 11 тамызда мәресіне жетеді.