Еркебұлан Ильясов Ұлттық спорт қауымдастығының президенті болып сайланды

Редакция Ulyssport

1 ақпан күні Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығының кезектен тыс жалпы отырысы өтті. Отырысқа Туризм және спорт министрінің орынбасары Серік Жарасбаев, сондай-ақ еліміздің ұлттық спорт федерацияларының президенттері мен өкілдері қатысты, деп хабарлайды Ulyssport.kz.

ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы

Жиында ұлттық спорт қауымдастығының президенті қызметін атқарған Исламбек Салжанов соңғы екі жылдағы атқарылған жұмысы жайында кеңінен есеп беріп, қорытындылады. Қауымдастық құрылтайшылары дауыс беру арқылы жаңа жарғы қабылдап, нәтижесінде Еркебұлан Сайдоллаұлы Ильясов бірауыздан Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығының президенті болып сайланды.

Жаңадан сайланған Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Еркебұлан Сайдоллаұлы сенім білдірген барша ҚР Туризм және спорт министрлігіне, қауымдастық қатарына кіретін ұлттық спорт өкілдеріне алғыс айтып, 2025 жылға қойылған жоспарымен бөлісті.

«Бұл мен үшін үлкен мәртебе және жауапкершілік. Ұлттық спорт - бұл халқымыздың жаны, ұрпақтарды байланыстыратын жіп. Біз бай мәдениетімізді көрсете отырып, қазақ этникалық спортының бүкіл әлемге танымал болуы үшін бар күшімізді саламыз», - деп атап өтті Еркебұлан Ілиясов.

Отырыс барысында Серік Жарасбаев Исламбек Төлеубайұлына ұлттық спорттың дамуына қосқан үлесі үшін алғыс білдіріп, жаңа президент Еркебұлан Сайдоллаұлына сәттілік тіледі. Сонымен қатар, ол барлық федерациялардың ынтымақтастығын нығайтып, ұлттық спорт түрлерін әлемдік деңгейде насихаттау үшін бірлесіп жұмыс істеуге шақырды. 

Жиын барысында қауымдастық құрылтайшылары мен мүшелері дауыс беру арқылы Бақдәулет Сәбитовті ҚР ұлттық спорт қауымдастығының вице-президент – атқарушы директоры (қоғамдық негізде) ретінде сайлады. 

Еркебұлан Ілиясов - «Alageum Electric» отандық электр машина жасау холдингінің Директорлар кеңесінің төрағасы. 2023 жылдан бастап «Жамбы ату» федерациясының президенті, ал 2024 жылдан бастап арқан тартыс бойынша ұлттық спорт федерациясын басқарды. Еркебұлан Ілиясов «жамбы ату» және «арқан тартыс» дәстүрлерін сақтауға және Қазақстанның этникалық спорт кәсіби дамуына елеулі үлес қосты.