Геннадий Головкин Александра Ле мен Ислам Сәтпаевты Олимпиаданың қола жүлдесімен құттықтады

Редакция Ulyssport

Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкин Париж Олимпиадасында Қазақстанға алғашқы медальді  сыйлаған мергендерді құттықтады, деп жазады Olympic.kz. 

ҰОК

"Құрметті  Ислам және Александра!

Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті мен жеке өз атымнан сіздерді Париж Олимпиадасындағы алғашқы медальді жеңіп алуларыңызбен  құттықтаймын!

Сіздер жарыстың алғашқы күні-ақ жүлдеге қол жеткізіп, барша олимпиадалық құрамаға жігер бердіңіздер.

Қазақстан Атланта ойындарынан кейін алғаш рет нысана көздеуден Олимпиада тұғырына көтеріліп отыр. Бұл жетістік арқылы сіздер өз шеберліктеріңізді паш етіп, еліміздің олимпиадалық тарихына ендіңіздер.

Ислам, Париж Олимпиадасының ең алғашқы жолдамасын да сіз  иеленген едіңіз. Енді, міне, Олимпиаданың алғашқы медалін де сіз сыйлап отырсыз. Бұл медаль Париж Олимпиадасындағы Қазақстан командасының ірі жеңістеріне жол ашсын!

Сіздерге Олимпиада ойындарындағы жекелей сында сәттілік тілеймін", - делінген құттықтау жеделхатында.

Айта кетелік, 10 метрге винтовкамен нысана көздеуден аралас командалық сында қазақстандықтар Ислам Сәтпаев пен Александра Ле қола жүлдегер атанды.