Бублик Марсельдегі турнирді сәтті бастады

Редакция Ulyssport

Әлемдік рейтингте 48-орында тұрған қазақстандық теннисші Александр Бублик 11 ақпанда Францияның Марсель қаласында өтіп жатқан ATP-250 турнирінде сенімді жеңіспен бастады, деп хабарлайды Ulyssport.

Ашық дереккөзден

Турнирдің бірінші айналымында ол жергілікті теннисші, әлемнің 128-ракеткасы Ришар Гаскені 6:4, 6:4 есебімен жеңді.

Матч 1 сағат 23 минутқа созылды. Осы уақыт ішінде Бублик 13 эйс жасап, бір қос қателікке жол берді және 5 мүмкіндіктің үшеуінде брейк-пойнтты жүзеге асырды. Ал оның қарсыласы екі эйс жасап, бес қос қателік жіберді және үш мүмкіндіктің біреуінде брейк жасай алды.

Турнирдің екінші айналымында Бублик өткен жылғы чемпион, француз Уго Умбермен кездеседі.

Сонымен қатар, 11 ақпанда Қазақстанның бірінші ракеткасы, әлемдік рейтингте 7-орында тұрған Елена Рыбакина Катардың Доха қаласында өтіп жатқан беделді WTA-1000 турнирінің үшінші айналымына өтті.