«Челси» сапына қосылған Дастан Сәтпаевтың жалақысы белгілі болды

Дастан Кенжалин

Дастан Сәтпаев «Челсиде» айына 8,7 миллион теңге жалақы алып отырады, деп хабарлайды Ulyssport.

Фото: Қайрат ФК

16 жастағы қазақстандық футболшы Дастан Сәтпаев ресми түрде Лондонның «Челси» клубына ауысқан болатын. Бұл келісім Қазақстан футбол тарихындағы ең қымбат трансфер ретінде тіркелді. Sports.ru-дың мәліметінше, трансфер сомасы 4,3 миллион еуро.

КЕЛІСІМШАРТ

Дастан Сәтпаевтың келісімшарты бойынша оның ай сайынғы жалақысы 14 000 фунт стерлинг (шамамен 8,7 миллион теңге).

Алайда, жас футболшы 2026 жылға дейін «Қайратта» ойнауды жалғастырады. Осы уақыт аралығында «Челсидің» жеке жаттықтырушысы онымен арнайы бағдарлама бойынша жұмыс істейді.

Футболшының матчтарға қатысуы Лондон клубымен келісіліп отырады.

ЖАЛАҚЫ КІМГЕ БЕРІЛЕДІ

Келісімшартқа сәйкес, Дастан Сәтпаевтың жалақысы оның ата-анасына беріледі. Футболшы 22 жасқа толғанға дейін бұл қаражатқа өзі тікелей қол жеткізе алмайды.

Екі жыл бойы Сәтпаев Қазақстанда қалып, кәсіби деңгейін арттырады. Кәмелет жасына толғаннан кейін ол толыққанды «Челси» сапына қосылады.