Трилогия бола ма: ресейлік кәсіпқой боксшы Дмитрий Бивол отандасынан есе қайтарды

Дастан Кенжалин

Эр-Риядтағы (Сауд Арабиясы) Kingdom Arena-да өткен кәсіби бокс кешінде белгілі ресейлік кәсіпқой боксшы Дмитрий Бивол (24-1, 12 КО) өз отандасы, ауыр салмақтағы абсолютті әлем чемпионы Артур Бетербиевті (21-1, 20 КО) жеңіп, реванш алды, деп хабарлайды  Ulyssport.

REUTERS/Ahmed Yosri

ТОЛЫҒЫРАҚ

Дүниежүзілік бокс кеңесі (WBC), Дүниежүзілік бокс ұйымы (WBO), Халықаралық бокс федерациясы (IBF), Дүниежүзілік бокс қауымдастығы (WBA Super) және Халықаралық бокс ұйымы (IBO) чемпиондық атақтарын сарапқа салған жекпе-жек 12 раундқа созылды. Нәтижесінде төрешілердің басым ұпайымен жеңіс Биволға бұйырды (114-114, 116-112, 115-113).

Алғашқы раундтарда, бірінші жекпе-жектегідей Бивол белсенді әрі қауіпті болды. Оның бұған дейінгі қателіктерден сабақ алғаны байқалды. Артур да қарап қалған жоқ, төртінші және бесінші раундтарда қарсыласына ауыр және дөп соққылар жұмсады. Бірақ жасы қырыққа келген Бетербиев бұлай ұзақ жұдырықтаса алмады. Жекпе-жектің сегізінші раундынан бастап Бивол тізгінді қолға алды. Аса тартысты жағдайда өрбіген қос ресейлік арасындағы 12 раундтық жекпе-жек соңына дейін жалғасты. Қарсыласына қарағанда белсенді жұдырықтасқан, көп әрі дөп соққылар жұмсаған Димтрий Бивол төрешілер шешімімен жеңіске жетіп, жаңа абсолютті әлем чемпионы атанды. Сөйтіп былтырғы жеңілісі үшін Бетербиевтен есе қайтарды.

ТАРИХ

Естеріңізде болса, Бетербиев пен Биволдың алғашқы жекпе-жегі 2024 жылғы 12 қазанда осы Эр-Рияд қаласында өткен. Ол кездесуде төрешілер шешімімен (114-114, 115-113, 116-112) Артур Бетербиев жеңіске жеткен. Ал оның қарсыласы өзінің кәсіби мансабында алғаш рет жеңілістің дәмін татты. Алайда спорт төңірегінде жүрген мамандар жекпе-жектің тең дәрежеде өткенін айтып, әділ төрелік болмағанын сынға алды. Ақыры қос тарап екінші мәрте кездесу өткізуге келісті. Бұл жолы Биволдың мықтылығына ешкім шүбә келтірмеді. Қазір 40 жастағы Бетербиевте 21 жеңіс (20 нокаутпен) және бір жеңіліс, ал 34 жастағы Биволдың есебінде 24 жеңіс (12 нокаутпен) және бір жеңіліс бар.

ҮШІНШІ ЖЕКПЕ-ЖЕК БОЛА МА?

Осы кештен кейін көпшілік жанкүйердің көкейінде «қос қарсылас арасында үшінші жекпе-жек бола ма?» деген сұрақ тұрды. Чемпиондық белбеуді беліне таққан Дмитрий Бивол бұл сұраққа нақты жауап бермесе де жұдырықтасудан ешқашан бас тартпайтынын мәлімдеді.

Үшінші жекпе-жек бола ма?» дейсіздер ме? Алдағы уақытта мен кез келген жекпе-жекке дайынмын. Қазір сәл шаршадым, демалып алайын, – деді Бивол.